Елордада ауыл жастарының II Республикалық форумы өтті

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Елордада «Ауыл» халықтық - демократиялық патриоттық партиясының ұйымдастыруымен «Ауыл жастарының II Республикалық форумы» өтті. Бұл жиынға белсенді жастар мен форум делегаттары қатысты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Ауыл жастарының форумын енді жыл сайын өткізуді жоспарлап отырмыз. Жастарға қатысты түйіні шешілмеген, сөз жүзінде ғана айтылып жүрген мәселе көп. Солардың бірі – жастарды жұмысқа орналастыру. Біздің мақсат – жастарға жұмысқа орналасу жолын көрсетіп, жүйесін үйрету. Биылдың өзінде біздің партия тарапынан кемінде 16 мың адамды қамтитын байланыс орталығы онлайн режимде жұмыс істеді. Болашақта біздің филиалдарымызда тікелей қаржыландырумен айналысатын құрылымымыз болады деп ойлаймын», - деді «Ауыл» халықтық - демократиялық патриоттық партиясының төрағасы Әли Бектаев форумның ашылу салтанатында.


Ол екінші мәселе – жастарды баспанамен қамтамасыз ету екенін айтты.

«Жастарды тұрғын үймен қамтамасыз етуде қалыс қалып жатқан мәселе көп. Жастардың ипотекаға үй алуға жағдайы келмей жатады. Осыны жүйелендіру керек. Сондай-ақ, ауылдағы білім сапасы, медициналық қызмет сапасының төмендігі ауылдағы жастардың қалаға жаппай көшуіне себепші бола ма деп қорқамыз. Дамыған мемлекеттерде ауылдағы тұрғындар қалаға келіп, нәпақасын тауып, ауылына демалуға ғана барады. Ол мемлекеттер мен Қазақстанды салыстыруға болмайды, себебі біздің елдің экономикалық жағдайы да, жер көлемі де басқаша», - дейді ол.


Оның айтуынша, мемлекеттің қауіпсіздігі – азық-түлік.

«Азық-түлікті өндіріп жатқан ауыл шаруашылығы. Сол себепті ауыл – бізді асырап жатқан киелі орын. Ауылдан бәрі көшіп кететін болса ұнды кім шығарып, астықты кім орады, малды кім бағады? Сол себепті мемлекет үшін ауылға жағдай жасау бірінші кезекте тұратын мәселе болуы керек. Партия төрағасы ретінде Премьер-Министрдің атына ауылдарды дамыту жөнінде депутаттық сауал жолдамақшымын. Елімізде болашағы жоқ ауыл деген болмауы керек. Егер жақсылап жағдай жасайтын болсақ кез келген ауылдың болашағы зор. Жағдай жасалса ешкім үйін, малын, жерін тастап ешқайда кетпейді», - деп атап өтті Әли Бектаев.


Соңғы жаңалықтар