Елордада «Ауғанстан тарихы» кітабының таныстырылымы өтті

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Бүгін елордада ҚР Президенті жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтында «Ауғанстан тарихы» кітабының тұсаукесері өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Ауғанстан тарихы» кітабының авторы – қазақстандық саясаттанушы, шығыстанушы ғалым, Ауғанстан бойынша маман Сұлтан Әлімбеков. Бұл туынды 2015 жылы жарық көрген «История Афганистана» атты монографияның мемлекеттік тілдегі қайта басылымы. Шығарманы қазақ тіліне аудару және шығару ҚР Президенті жанындағы ҚСЗИ мемлекеттік тілде кітаптар шығару жобасы аясында жүзеге асырылған.

«Бұл біздің қызметтегі маңызды бағыт. Біз қазақ тіліне танымал авторлардың туындыларын аударамыз. Мұндай бастама Мұрат Лаумулиннің монографиясын аударудан басталған еді. Енді Сұлтан Әлімбековтің үлкен еңбегін аудардық. Бүгін тұсауы кесіліп отырған кітапта авторға Ауғанстан премьер-министрінің алғыс хаты қосылды. Ол бұл еңбекті жоғары бағалады», - дейді ҚР Президенті жанындағы ҚСЗИ директоры Зарема Шәукенова.

Оның айтуынша, «Ауғанстан тарихы» кітабы осы елдің тарихына арналған, онда Үндістан, Иран және Орталық Азия арасындағы жолдардың қиылысында орналасқан осы мемлекет тарихының негізгі сәттері кешенді түрде қарастырылады.

«Мен кітаптың қазақ тілінде жарық көргеніне өте қуаныштымын. Кейбір тарихи сәттер посткеңестік кеңістікте де, қазіргі уақытта да өте өзекті», - дейді кітап авторы Сұлтан Әлімбеков.

Іс-шараға ҚР Парламенті Мәжілісінің Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы Мұхтар Ерман, «AFG-OAZ» Қазақстан-Ауғанстан қауымдастығының төрағасы, ҚР-дің Ауғанстандағы экс-елшісі Өміртай Бітімов, ҚР СІМ Таяу және Орта Шығыс департаментінің директоры Ержан Мұқаш, «Ғылым ордасы» бас директорының міндетін атқарушы Нұрлан Сейдін, Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ халықаралық қатынастар кафедрасының меңгерушісі Дана Ахмедбянова, ҚСЗИ бас ғылыми қызметкері Мұрат Лаумулин қатысты.


Соңғы жаңалықтар