Елордада атаулы көмек алушылар саны күрт өсті

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Елордада атаулы әлеуметтік алушылар қайта тексеріледі. Бұл туралы қалалық жұмыспен қамту орталығының директоры Абай Баймолдин мәлімдеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Атаулы әлеуметтік көмекті өмір сүру деңгейі төмен, шын мұқтаж жандар алуы тиіс. Өткен жылы астанада дәл осындай 900 отбасы өтінім берген. Биыл да сол шамада, әрі кетсе мың жарым өтінім түсетін шығар деп күткенбіз. Бірақ, сәуір айының басында-ақ үш мыңнан астам отбасы көмек алуға өтінім берді. Бұл адамдар қайдан шықты? Қазір де ниет білдірушілер толастар емес, айына мыңнан астам өтінім қабылдаймыз», - деді Абай Баймолдин әкімдікте өткен баспасөз мәслихатында.

Оның айтуынша, жағдайы жақсы тұрғындар да АӘК алуға ұмтылып жүр. Сәуір айының басында АӘК жаңа тәртіппен беріле бастағанда, миллиондық айналымы бар жеке кәсіпкерлер өз қызметін күрт тоқтатқан.

Одан бөлек, АХАЖ деректеріне сәйкес, дәл осы сәуір айында көптеген ерлі-зайыптылар ажырасуға өтінім берген.

«Баласы 7 жасқа толған әйелдер де жұмысқа шығудың орнына, үйде отырмын деп, көмек алуға жүгінеді. Олардың көпшілігі мүлкі туралы құжаттарды толық көрсете алмайды. Екі қабатты үйі мен қымбат көліктері бар отбасы да өтінім берген жағдайлар болды. Сондай-ақ, Қызылорда тұрғындарының астанаға уақытша тіркеуге тұрып, екі қаладан өтінім бергені анықталды», - дейді орталық басшысы.

25 шілдедегі жағдайға сәйкес, астанада 8,5 мыңға жуық отбасы атаулы әлеуметтік көмек алуға құжат тапсырған.

«Олардың 4,5 мыңға жуығы атаулы әлеуметтік көмекті алып бастады. Қазір барлық жерде тексеру жүріп жатыр, тексеріп жатырмыз. Сосын қалалық прокуратура желісі бойынша тексеру жүреді», - деп ескертті Абай Баймолдин.

Бұған дейін ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Бердібек Сапарбаев та атаулы әлеуметтік көмек тағайындау және төлеуде заңбұзушылықтарға жол берілмеуін талап етті.

Соңғы жаңалықтар