Елордада ашылған жаңа мешіт туралы не білеміз

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Елорда төрінде тағы бір мешіт бой көтерді. Жаңа мешітке 500 адам еркін сыйып, құлшылық ете алады. ҚазАқпарат тілшісі Астананың сол жағалауындағы жаңа мешітке барып қайтты, оқырман назарына фоторепортаж ұсынамыз.

«Елордамыз тағы бір мешітпен толықты. Жаңа мешітке Алланың 99 есімінің бірі Әл-Фаттах атауын бердік. Ол «жеңімпаз» дегенді білдіреді. Алланың жаңа үйі тұрғындардың иман тәрбиесіне үлкен үлесін қосады деп сенемін. Әрине, мешіт тек қана құлшылық ету емес, бұл рухани, мәдени орын. Мешіт - мейірім мекені. Тұрғындары иманды елде тыныштық, береке және бірлік болады», - деген еді Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы Наурызбай қажы Тағанұлы жаңа мешіттің ашылу салтанатында.

Сондай-ақ, бас мүфти елорда жұртын жаңа мешіттің ашылуымен құттықтай отырып, ел игілігіне жарауын тіледі.

Нәрікбаев (5/1) көшесінде орналасқан мешітте бір уақытта 500 адамның ғибадат ету мүмкіндігі бар.

Оның жалпы алаңы - 713 шаршы метр.Әл-Фаттах мешітінде намаз залынан бөлек, дәрісхана, имамдар бөлмесі, құран оқу және неке қию бөлмесі бар.

Одан бөлек, ерлер мен әйелдер бөлек дәретханамен қамтылған.


«Азан шақырылып, таңертең ұйқымыздан оятатын мешіттердің қатары көбейіп жатқанына өте қуаныштымын. Өскелең ұрпақ иманды болып, Алланың тура жолымен өссе, біз бақыттымыз. Өзім осы маңайда тұрамын, жаңа мешіт ашылып жатыр дегенді естігенде үйде отыра алмадым. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын», - дейді мешітке келген елордалық әжей.


Бас мүфтидің бұйрығымен жаңа мешіттің бас имамы болып Бағдат Абдулкаримов тағайындалды.

«Бұл мешіттің бір ерекшелігі - ерлер мен әйелдердің кіріп-шығуы мен құлшылық етуі үшін арнайы жағдай жасалған. Әйелдер бөлек жерден кіріп шығады. Әрине, әжетханасы да бөлек. Мешіт шамамен 30 сотық жерді алып жатыр. Аулада көліктерге арналған автотұрақтар қарастырылған. Жалпы жаңа мешіт өз орнын тапты деуге болады. Жамағат ашыла сала көптеп жиналып жатыр. Мешіт қызметкерлерінің штаты жасақталу үстінде, бұйрық әлі шыққан жоқ. Дегенмен қазір бір наиб имам мен ұстаз жұмысқа кірісті», - дейді бас имам.


Айта кетсек, жаңа мешіттің ашылу салтанатында мемлекет және қоғам қайраткерлері, ақсақалдар сөз сөйлеп, бата берді.

Еске салайық, бүгінде Астанада 15 мешіт бар.


Соңғы жаңалықтар