Елордада ашық аспан астындағы студияда референдумға арналған телекөпір өтіп жатыр

Фото: None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Нұр-Сұлтан қаласының «Сулы жасыл бульварында» аспан астындағы студия пайда болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Шыныдан бой көтерген студияның айналасы толған адам. Онсыз да жаз бойы адам аяғы үзілмейтін бульварда қарбалас күшейген. «Хабар» агенттігі 5 маусымда өтетін республикалық референдумға арнап телекөпір өткізу үшін студия құрыпты.

«5 маусымда – референдум. Соған халықты мейлінше тарту үшін «Хабар» агенттігі осы референдумға жаңа форматта, жаңа бастамамен халыққа ерекше студияны ұсынып отыр. Өздеріңіз көріп отырғандай, қаланың қақ ортасында, жаяу жүргіншілердің жолына қарама-қарсы жерде ашық аспан астында студия құрдық. Эфир сегіз сағатқа созылады. Бүгін үгіт-насихат жұмыстарының соңғы күні. Осы соңғы күнде халықты мейлінше ақпараттандырып, елді осы маңызды шараға үндеуді көздедік», - деді агенттіктің басқарма төрағасы Берік Уәли.

Мәлім етілгендей, телекөпірге агенттіктің өзге өңірлері де белсенді атсалысып жатыр.

«Алматыдан тікелей эфирге қосылып жатыр. 8 сағатта Қазақстанның төрт тарабын түгел қамтуға тырысып жатырмыз. Бүкіл өңірлерден, жаңа ашылған облыс орталықтарынан да сұхбаттар ұйымдастырып жатырмыз. Сұхбаттың бәрі ашық, еркін. Бүкіл отандастарымды референдумға келуге шақырамын. «Хабар» арнасы жаңа форматта, ашық аспан астында, тың идеямен халыққа жаңа сұхбаттар ұсынып жатыр. Сенат, Төрағасы, Мәжіліс төрағасы, мемлекет хатшысы сияқты жоғары лауазым иелері де, блогерлер мен өнер майталмандары, қарапайым тұрғындар пікірін еркін айтып жатыр», - деді агенттік басшысы.

Айта кетейік, бүгін Президент референдумға орай бейнеүндеу жолдайды.


Соңғы жаңалықтар