Елордада ашық аспан астында 5 күн бойы «Ұлы дала» этнофестивалі өтеді

None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Әлемдік және дәстүрлі дін көшбасшыларының VІІ съезі қарсаңында елордада ашық аспан астында 5 күн бойы «Ұлы дала» этнофестивалі өтеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Елордадағы «Бәйтеректің» алаңында қаз-қатар киіз үйлер тігіліп, ортаға еңселі сахна орнатылыпты. Әлемдік және дәстүрлі дін көшбасшыларының VІІ съезіне келген меймандарды астана биыл осылай қарсы алмақшы. «Ұлы дала» деген атау алған этнофестивальдің мазмұны мен мәні туралы қоюшы бас режисері Асхат Мемиров айтып берді.

«Әлемдік және дәстүрлі дін көшбасшыларының VІІ съезі аясында елордаға келген қонақтарға, осы съезге қатысушыларға, жалпы туристерге арнап қыркүйектің жаймашуақ күнінде «Ұлы дала» этнофестивалін өткізіп жатырмыз. Шара Нұр-Сұлтан қаласының әкімдігінің ұйымдастыруымен, қалалық мәдениет басқармасына қарасты мәдени ұжымдардың қатысуымен өтеді. Съезге келген қонақтардың ішінде дін көшбасшыларынан бөлек теолог ғалымдар, мәдениеттанушылар, рухани қайреткерлер бар.

Басты мақсат – соларға ұлы даланың мәдени, музыкалық мұрасын насихаттау, дәріптеу», - дейді елордадағы Музыкалық жас көрермен театрының директоры.

Бәйтеректің қос қапталына тігілген киіз үйлерге бас сұғышуылар көп екені аңғарылады. Шетелдіктер де, жергілікті тұрғындар да әсіресе қыран құс пен құмай тазыны көбірек тамашалап жүр.

«Елордамыздың төрінде, «Бәйтеректің» екі қапталына киізүйлер тіктік. Бір қанатта қазақтың зергерлік бұйымдары, қолөнер туындылары көрмеге қойылған. Соның ішінде ұлттық киімдеріміздің тігілу процесі көрсетіледі. Қыштан, темірден жасалатын бұйымдарды қалай істелетінін де көруге болады. Екінші қапталдағы көрме негізінен қазақтың саятшылық өнеріе арналған. Қыран бүркіт, құмай тазы ұстаған саятшылар шетелдік қонақтардың назарын бірден аударып жатыр. Одан бөлек ұлттық тағамдарымыз да ел назарына ұсынылады. Ал ортадағы үлкен сахнада бес күнде бес түрлі концерттік бағдарлама қойылады»,- деді фестивальдің бас қоюшы режисері.

Оның айтуынша, бес күндік фестивальге дәстүрлі музыканың көрнекті өкілдері ән-күй, жырларын дайындап жатыр.

«Мысалы, қазір қалалық музыкалық жас көрермен театры «Ұлы даланыңсалт-дәстүрлері» деген тақырыппен театрландырылған қойылым арқылы көшпенділер мәдениетіндегі бесіктой, тұсаукесер, қыз ұзату, келін түсіру сияқты қуаныштардың орны қандай болғанын көрсетіп жатыр. Олардағы айтылатын ғұрыптық жырлар шырқалып жатыр. Алтыбақанда қыз-жігіттің табысуы, бастаңғы, ақсүйек сияқты дәстүрлі ойындарды да осы жерден тамашалауға болады.

Кешке қарай Еркеғали Рахмадиев атындағы елоардалық академиялық филармонияның ең үздік ұжымдары, оның ішінде «Қорқыт сазы» этнофольклорлық ансамблі, «Шаттық» домбырашылар ансамблі, «Гәкку» жетігеншілер тобы және Арайлым Рақымқызы бастаған дәстүрлі әншілер өнерін паш етеді», - деді Асхат Маемиров.

Ән мен күйдің шеруі ертең де жалғаспақ.

«Қазақтың дәстүрлі музыкасын әлемдік аренада насихаттап жүрген мультимузыкант, бір өзі бір театр іспеттес Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Еділ Құсайынов өзінің арнайы бағдарламасын жасап жатыр. Қазақтың бестүрліән мектебінің көрнекті өкілдері де әннен шашу шашпақшы.

Олардың ортасында The Magic of Nomads атымен қазақтың ән-күйін әлемге заманауи тәсілмен танытып жүрген Ғазиза Ғабдрахимова да бар.

Өздеріңіз көріп отырсыздар «Бәйтерек» маңында шетелдіктер көп жүр. Бәрі ерекше көңіл күйге бөленіп, қазақтың ою-өрнегіне тәнті болғандарын айтысып жатыр. Фестиваль келесі жылы да жалғасын табатынына сенемін. Фестиваль бүгін басталды. Алағы күн бойы таңғы сағат 10.00-да басталып, кешкі сағат 21.00-ге дейін созылады», - дейді фестивальдің қоюшы бас режисері Асхат Маемиров.

Алаңдағы көңілді жұрттың арасынан Әлемдік және дәстүрлі дін көшбасшыларының VІІ съезіне Италиядан келген қонақтардыжолықтырдық.

«Біз Италиядан Рим Папасының осы сапарын ұйымдастырушы дін қызметкерінің делегациясымен келдік. Кеше келгендіктен қаланы біраз аралап үлгердік. Қалақатты ұнады. Қазақтар қонақжайлық танытып атыр. Өз үйімізде жүргендейміз.

«Бәйтерек» алдындағы шара ұнап жатыр. Дәстүрл іәндерді тыңдап, жергілікті мәдениеттің ерекшеліктерімен таныстық. Салт-дәстүрлеріңізді мақтан тұтады екенсіздер, бұл өте жақсы. Әзірге тек жағымды әсер алып жатырмыз. Ауа райы да қонақтардың қабағына қарап тұрған сияқты. Қараша айы кезіндегі Миланда жүрген сияқтымыз. Арамызда бір адам ғана күннің суықтығына шағымданып жүр», - деп күлді делегация мүшесі.


Соңғы жаңалықтар