Елордада аса ірі көлемдегі контрабанда бойынша қылмыстық іс тоқтатылды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Елордада аса ірі көлемдегі экономикалық контрабанда бойынша адамдар тобына қатысты қозғалған қылмыстық іс бір жылдан кейін тоқтатылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Нұр-Сұлтан қалалық сотынан мәлім еткендей, үш азамат 6 келіден астам алтын бұйымдарын Қазақстанға заңсыз әкелді деп айыпталған. Бірақ мемлекеттік прокурор өз айыптарынан бас тартқандықтан, қылмыстық іс тоқтатылды.

«С.А.Көшкінбаев, С.А.Қонақбаев және Б.А.Шәріпов 2018 жылдың 28 қазанында кеден органдарында декаларациядан өткізбей, Түркиядан Қазақстанға 6003,51 грамм салмағындағы алтын бұйымдарды кіргізген. Тергеу органы аталған тұлғаларды алдын ала сөз байласу арқылы аса ірі көлемдегі экономикалық контрабанданы жасады деп айыптады. Істі сотта қарау барысында мемлекеттік айыптаушы қылмыс құрамының болмауына байланысты өз айыптауларынан толығымен бас тартты. Оның мәліметінше, антикоррупциялық орган қызметкерлері жедел-іздестіру шарасын іске асыру барысында «Жедел-іздестіру қызметі туралы» заңның 15-бабын бұзған. Прокурордың айыптаудан толығымен бас тартуына орай, Қылмыстық іс жүргізу кодексінің 337-бабы 7-бөлігіне сәйкес, сот қылмыстық істі тоқтатты», - деді қалалық соттан.

Сот алтын бұйымдарды ҚР кедендік заңнамасына сәйкес рәсімдеу және декларациялау үшін кеден органдарына жіберді.

Нұр-Сұлтан қаласы №2 Есіл аудандық сотының үкімі заңды күшіне енген жоқ.

Соңғы жаңалықтар