Елордада «ART/CREATIVE 2010» атты креативті фотокөрме ашылды

None
None
СТАНА. Шілденің 2-сі. ҚазАқпарат /Марлан Жиембай/ - Бүгін елордадағы Қазіргі заманғы өнер мұражайында «ART/CREATIVE 2010» атты бірінші креативті фотокөрменің ашылу рәсімі өтті.

«Астана жастары» акциясының жетекшісі Евгений Рибанконың атап өтуінше, «Астана жастар көзімен» атты республикалық акциясы шеңберінде ашылып отырған көрмеге кәсіби тұрғыда маманданбаған жас фотографтардың туындылары қойылған. «Фотожұмыстардың барлығы да әсерлі, бір-біріне ұқсамайтын ерекше, ең бастысы өз алдына креативті деуге болады. Интернет желісіне қойылған суреттердің бір бөлігі қызу пікірталас та тудырды. Ал келесі бір бөлігі мүлде еш жерде жарияланбаған», дейді ол.

Шараның негізгі мақсаты жастардың өздерінің Астанасына, елордасына деген көзқарастарын суреттерімен, жұмыстарымен көрсету екендігін атап өткен ҚР Білім және ғылым министрлігі Жастар саясаты департаментінің директоры Мадияр Қожахмет «жалпы бұл республикалық акцияның бірінші шарасы деп айтуға болады. Өйткені бұдан да басқа шаралар бар. Мәселен, Қазақстан картасының әрбір облысын жастарға бөліп беріп, сол облыстың жастары Астанаға деген өздерінің құттықтау сөздерін жазады. Соны шілденің 5-і күні топтастырып, көлемі 3х6 метрлік үлкен картаға белгілейтін боламыз. Яғни жастармыз елордаға деген көзқарастарын ашық көрсетеді», деді.

Астана, Алматы және Павлодар қалаларынан келген авторлардың 100-ден астам өнер туындылары қойылған көрме барысында жастар ұжымдарының жанды дауыста орындаған әндері, испандық Los amigos дуэтінің гитарада ойнаған әуендері келушілердің көңілінен шықты.

Көрме шілденің 25-іне дейін жалғасады.

Соңғы жаңалықтар