Елордада «Армысың, ару Астана!» атты Қызылорда облысының мәдениеті мен өнерінің ашылу салтанаты өтті

None
None
АСТАНА. Қарашаның 26-сы. ҚазАқпарат /Марлан Жиембай/ - Бүгін елордадаға Конгресс-Холл сарайында «Армысың, ару Астана!» атты Қызылорда облысының мәдениеті мен өнерінің ашылу салтанаты өтті,

деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Қызылорда облыстық мәдениет басқармасының бастығы Берік Жүсіповтің айтуынша,  өткен жылы мәдени күндерін Алматы қаласында өткізген облыс 1 жыл жан-жақты дайындалып,  Астанаға арнайы атбасын бұрған. Мұндағы негізгі мақсат - Сыр өңірінің мәдениетін, жыраулық-орындаушылық, жалпы аймақтағы өнердің деңгейін, дәрежесін елордалықтарға таныстыру.

«Жалпы Батыстың оркестрінен  Дәулеткерейдің, Атыраудан Құрманғазының, Арқадан Тәтімбеттің күйлерін тыңдаймыз. Сондықтан бүгінгі кеште өнер көрсететін Тұрмағамбет атындағы ұлт аспаптар оркестрінен Сыр бойының Құрақтың Досжаны, Мырза, Жалдыбай сияқты белгілі күйші-композиторларының күйлерінен сусындаймыз. Ал әншілеріміздің репертуарында да көбіне Сырдан шыққан  дүлдүлдердің шығармалары орын алған. Сыр өңірінің мақтан тұтар тағы бір өнері - жыр мәдениеті. Қазір, құдайға шүкір, бүкіл түркі жұртына танымал Алмас Алматов сияқты ағамыз бар. Ертең осы ағамыздың соңынан ерген шәкірттері «Жақұт жырдың арнасы, өнердің Қызылордасы» атты тақырыппен Президенттік мәдениет орталығында жыраулардың жыр кешін береді», деді Б.Жүсіпов.

Айта кетейік, «Сыр - Алаштың анасы» атты тақырыппен бүгін елордада басталған Қызылорда облысының мәдениеті мен өнерінің күндері ертең өз жалғасын табады. М.Горький атындағы орыс драма театрында Қызылорда облыстық Н.Бекежанов атындағы Қазақ музыкалық драма театры 2 бөлімді «Вампир күйеу» комедиясын және «Қандыөзек» атты қойылымын сахналанайды. Сонымен қатар Қазақ ұлттық музыка академиясында Тұрмағамбет атындағы халық аспаптар оркестрінің концерті болады. Ал кешкісін Конгресс-Холл сарайында Сыр елінің өнер шеберлерінің қатысуымен гала-концерт қойылып,  Қызылорда облысы мәдениеті мен өнерінің жабылу салтанаты өтеді.

Бұл шаралар облыстың құрылғанына 70 жыл толуы және Қызылорда қаласының негізі қаланғанына 190 жыл толуы  мерейтойларына орай Қызылорда облысы әкімдігінің қолдауымен өткізілуде.

Соңғы жаңалықтар