+7 (701) 759 90 19
USD 422.87 EUR 503.38
RUB 5.6 CNY 64.3
Jańalyqtar

Елордада анимациялық фильмдер фестивалі өтіп жатыр

2020 жылғы 31 қазан 11:19
Бөлісіңіз:
Елордада анимациялық фильмдер фестивалі өтіп жатыр

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Бүгін Нұр-Сұлтанда Халықаралық ÁMEN Animation film festival-інің ашылу рәсімі өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Ұқсас жаңалықтар
Ақмолалық оқушы мен оның бауыры әлемнің үздік балаларының тізіміне енді Болгарияда Абай мен әл-Фарабидің құрметіне мерейтойлық пошта маркалары шығарылды Сан-Францисконың бас кітапханасында қазақ әдебиеті бөлімі ашылды

Өнер мерекесіне түркі елдерінің, атап айтқанда, Түркия, Өзбекстан, Қырғызстан, Татарстан және Башқұртстан өкілдері қатысуда.

Фестивальдің ашылуына орай отандық мультипликация саласына жауапты құрылымдар мен анимация мамандарының қатысуымен «Қазақ анимациясының көкейкесті мәселелері» тақырыбында онлайн дөңгелек үстел ұйымдастырылды.

Жиында ÁMEN Animation film festival-інің президенті әрі дөңгелек үстел модераторы Мақпал Жұмабай фестивальдің мақсаты мен міндеттеріне тоқталды.

Әмен Қайдаровтың ізбасары, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Жәкен Дәненов кинофестивальдің ашылуымен құттықтап, ақ жол тіледі. Сонымен қатар Қазақстан аумағында хабар тарататын шетелдік балалар арналарының өнімдерін қазақ тіліне аудару жайлы ұсыныс білдірді.

Фестивальдің ашылуына қатысқан ҚР Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі Болат Әнапияұлы министр Аида Балаеваның құттықтауын жеткізді.

«Қоғамымыздың келешек гүлденуі де, өміріміздің өнегелі түрленуі де, жас ұрпаққа берер бүгінгі тәрбиеміз де тәлім-тәрбиеге, үлгі-өнегеге байланысты екені анық. Бұл ретте еліміздегі қазақ анимациясының басы-қасында жүрген талант иелері ұлттық мультипликацияның бәсекеге қабілеттілігін шыңдап, соның ішінде қазақ тілді балалар контентінің ауқымын кеңейтіп, қарқынын одан әрі үдетеді деп сенеміз. Әрине бұл бағыттағы арқалап жүрген жүктің салмағы ауыр. Сондықтан осы ізгі шаруаға бел шеше кірісіп, берекесін келтіріп жүрген отандық аниматорлар қауымына зор алғысымды айтамын», – делінген хатта.

Әмен кинофестивалін ерекше мәртебелі шара деп атап өткен Болат Әнапияұлы отандық анимация саласының даму қарқынын жоғары бағалады. Сондай-ақ, Жәкен Дәненовтің ұсынысын құптай келе, елімізде хабар тарататын шетелдік балалар телеарналарын қазақшалау мәселесі өзекті тақырып екенін айтты.

ҚР Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлованың фестиваль ұйымдастырушыларына жолдаған құттықтауын дөңгелек үстел барысында министрдің кеңесшісі Ерлан Жұрынбаев жеткізді.

Министр: «Биылғы күллі әлем үшін сындарлы кезеңге қарамастан, осымен екінші рет өтіп жатқан фестиваль тақырыбы жағынан жаңа, әралуан талай туындыны көрерменге ұсынғалы отыр. Күн өткен сайын еселеніп дамып келе жатқан заманауи технология жеңісінің бірі – анимация көпшіліктің жоғары бағасына ие болып, аясын кеңейтіп келеді. Осы орайда, ерен еңбекті қажет ететін фильмдер шеруін ұйымдастыушыларға алғыс айтамыз. Осы жылы шекарасын кеңейтіп түбі бір түркі елдері өкілдерінің басын қосқан фестиваль жұмысына сәттілік тілейміз», – деп лебіз білдірген.

Сонымен қатар Ерлан Жұрынбаев отандық киноөндірушілерді қолдау мақсатында министрлік заңнамалық мәселелердің кешенді түрде шешіліп жатқанын мәлімдеді.

ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің Тіл саясаты комитетінің төрағасы Әділбек Қаба анимацияның ұлтты тәрбиелеуші стратегиялық мәніне аса мән беріп, алдағы уақытта комитет тарапынан да бірқатар маңызды жоба мен шешімдердің жүзеге асырылатынын атап өтті.

Бұдан бөлек, жиында «Рухани жаңғыру» қазақстандық қоғамдық даму институты» КЕАҚ «Рухани жаңғыру» орталығының басшысы Жанар Боқанова мемлекеттік тілді дамытудағы анимацияның рөліне тоқталды. Өз сөзінде «Рухани жаңғыру» бағдарламасының анимациямен ұштасатын бөлімі болуы керегін, мемлекеттік және жеке меншік серіктестікке құрылған арнайы бағдарлама қабылдайтын уақыт келгенін, сол себепті анимацияны дамыту бойынша арнайы жол картасы дайындалатынын жеткізді.

Ал «Balapan» телеарнасының бас продюсері Сандуғаш Баймаханқызы балалар арнасының мультипликация саласын дамытуға қосып жатқан үлесі зор екенін атап өтті. Яғни, «Balapan»-ның отандық нарықтағы анимациялық жобалардың 90 пайызға жуығын өндіретінін айта келе, қазақ тіліндегі анимациялық контенттің санын арттырып, тапсырыс көздерін көбейту мәселесін алға тартты.

Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы басқарма төрағасының орынбасары Айдар Асқарұлы кино орталықтың қаржыландыруымен жүзеге асырылған анимациялық жобаларға тоқталып, отандық мультипликатор мамандарға ризашылығын жетікізді. Сондай-ақ, Ш. Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ» анимациялық студиясының басшысы Адай Әбділда анимация саласында білім гранттарын көбейту және жас мамандардың әлемдік озық анимациялық студияларда кәсіби тағылымдамадан өтіп, тәжірибе алмасуына мүмкіндік жасау жайлы сөз қозғады.

Бұдан бөлек, Қазақстандық анимациялық киностудиялар қауымдастығының басшысы Жәнібек Оразалы мемлекетке қарасты анимациялық орталық құру жайлы тілегін білдірсе, «Dala animatoin» анимациялық студиясының директоры, режиссер-аниматор Дильшат Рахматуллин балаларға арналған контент жасайтын жеке студияларды техникалық модернизациядан өткізу үшін мемлекет тарапынан субсидия бөлу тәжірибесін ұсынды.

«САҚ» киностудиясының директоры, продюсер – Нұриддин Паттеев отандық анимациялық өнімдердің қаржыландыруын жүйелеу және төлем тарификациясын реттеу мәселесін алға тартты. Ал «Аnyz film» анимациялық студиясының директоры, режиссер-аниматор Тұрдыбек Майдан отандық толықметрлі анимациялық фильмдердің прокаттық көрсетілімін ұйымдастыру мәселесіне тоқталды.

Биыл фестиваль қоржынына 47 фильм ұсынылып, оның 37-сі іріктеуден өтті. Сондай-ақ, үш ел мамандарының атсалысуымен 11 мастер-класс ұйымдастырылып, оған 100-ден аса қатысушы тіркелді. Ал «Қазақ анимациясының ретроспективасы» бағдарламасы негізінде 16 фильм көрсетіліп, отандық «Махамбет» мультфильмінің халықаралық көрсетілімі және Түркиялық «Рафадан Тайфа жерасты хикаялары» фильмінің Қазақстандағы тұсаукесері ұйымдастырылуда.

Байқауға төрелік ететін қазылар алқасының құрамы өте білікті мамандардан жасақталып отыр. Олардың қатарында кинотанушы, PhD докторы, Т. Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының «Кино тарихы және теориясы» кафедрасының доценті Баубек Нөгербек, ҚР мәдениет қайраткері, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері, «САҚ» киностудиясының бас режиссері Батырхан Дәуренбеков, жазушы-драматург, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Роза Мұқанова, Жапониялық анимация кинорежиссері, «Netflix», «Warner Brothers», «Disney», «Mad House», «Studio 4C» компанияларымен бірлесе жұмыс істеген Ашино Йошихару, анимациялық кино режиссері, ҚХР-дың Бейжің қаласындағы «Қыран» студиясының директоры Арысбек Мұқан, жас әнші, республикалық және халықаралық ән байқауларының жеңімпазы, «Junior Eurovision-2020» қатысушысы Қарақат Башанова, режиссер, продюсер, «Qazart» киностудиясының директоры, «ÁMEN Animation film festival – 2019» жүлдегері Қасиет Сақиолла сынды елге белгілі мамандар және әлемдік деңгейдегі анимация шеберлері де бар.

Кинофестиваль ұйымдастырушылары – «OzgeEpic» заманауи өнер кеңістігі мен Қазақстан анимациялық киностудиялар қауымдастығы.


Біздің каналымызға жазылыңыз:

Бөлісіңіз:
Пікір қалдыру
+7
Жіберу
ONLAIN QYZMETKERLER
REDAKTOR
Гүлмира Алякпарова
Гүлмира Алякпарова
954-059
REDAKTOR
Жанибек Амангелди
Жанибек Амангелди
954-059
REDAKTOR
Жарылқасын Саягүл
Жарылқасын Саягүл
954-059

MURAǴAT