Елордада Алматы және Қостанай облыстарының азық-түлік жәрмеңкесі өтеді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - 7-8 қыркүйек күндері «Хан-Шатыр» сауда орталығы алаңында өтетін ауылшаруашылық тауарларының жәрмеңкесінде Алматы және Қостанай облыстарының тауар өндірушілері өз өнімдерін ұсынатын болады, деп хабарлайды ҚазАқпарат елорда әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.

Екі өңірден 31 аудан және 6 қаланың тауар өндірушілері өз өнімдерін елордалықтарға төмен бағада ұсынады. Жәрмеңке екі күн бойы сағат 9.00-ден 18.00-ге дейін жалғасады.

Алматы облысының кәсіпорындары құны шамамен 163,0 млн теңге болатын 330,9 тонна ауылшаруашылық өнімдерін сатуды жоспарлап отыр. Сонымен бірге, Қостанай облысынан 200 млн теңгенің 380 тонна өнімі сатылымға шығарылады.

Сатылатын өнімдер ассортименті бай. Барлық түрдегі ірі қара мал еті, шұжық және еттен жасалған жартылай фабрикаттар - 102,9 тонна, сүт өнімдері - 49,5 тонна, картоп пен көкөністер - 204 тонна, жемістер - 32,2 тонна, балық өнімдері - 15,7 тонна, бал - 0,5 тонна, жарма мен макарон өнімдері - 30 тонна, наубайхана мен кондитерлік өнімдер өнімдер - 20 тонна, жұмыртқа - 20 мың дана, ұн - 50 тонна, басқа да өнімдер - 88,5 тонна.

«Барлық өнімдер санитарлық және ветеринарлық талаптарға сай. Өндірушілерде сатылатын өнімдердің шығуы, сапасы мен қауіпсіздігін растайтын құжаттар бар», - делінген хабарламада.

Сонымен қатар, жәрмеңке кезінде екі облыстың өнер ұжымдары астаналықтарға концерттік бағдарлама ұсынады.


Соңғы жаңалықтар