Елордада алғаш рет Күй жәрмеңкесі ұйымдастырылды

Фото: None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Елордада алғаш рет Күй жәрмеңкесі ұйымдастырылды. Мәдени-рухани іс-шара Дина Нұрпейісованың ескерткішіне гүл шоқтарын қоюмен басталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Алдымен «Алтын домбыра» балалар мектебінің шәкірттері мен қаладағы №37 мектеп-лицейдің оқушылары өнер көрсетті.

ҚР еңбек сіңірген қайраткерлері, кәсіби күйші-домбырашылар Тұрар Әліпбаев пен Анар Мұздаханова бірнеше күй тартып, көрермендердің қошеметіне бөленді.

Жиналғандар алдында «Күй анасы» республикалық қорының жетекшісі Төлеген Қуанышев пен Нұр-Сұлтан қаласы қоғамдық кеңесінің төрағасы Зульфухар Гаипов сөз сөйледі.

«Өткен жылы Ұлттық домбыра күні қарсаңында күй анасы атанған Дина Нұрпейісованың ескерткіші ашылып еді. Салтанатты жиында азаматтар «Осы жерді болашақта өнер орталығына айналдырып, туристік кластер ұйымдастырайық» деген пікірлерін білдірген. Біздер қала әкімі Алтай Көлгіновке ұсыныс жасап, соның нәтижесінде осы алаң болашақта қазақ халқының күйшілері мен күйші-композиторлар аллеясы атанатын болды. Халыққа, соның ішінде жастарға төл өнеріміз – күйді дәріптеу мен насихаттау мақсатында мәдени іс-шараларды ұсынған болатын. Міне, бүгін сол ұсынысты жүзеге асырудың сәті түсіп тұр», - деді Т.Қуанышев.

Бағдарламаға сәйкес Күй жәрмеңкесінде жұртшылық ішінен өз өнерін көрсетемін деген адамдар ортаға шақырылды.

ҚР еңбек сіңірген қайраткерлері, күйші, ұстаздар Айтжан Тоқтаған мен Орынбай Дүйсен қазылық жасады. Сайысқа оннан астам үміткер қатысты. Соның ішінде Наргиз Қасымова жеңімпаз атанып, үкілі домбыраға ие болды. Сондай-ақ «Күй анасы» республикалық қоры қалалық зияткерлік мектеп оқушыларына 10 домбыраны сыйға тартты.

Осы күні қоғам және өнер қайраткерлері ескерткіш маңына 15-ке жуық қарағай ағаштарын отырғызды.

Күй жәрмеңкесін Нұр-Сұлтан қалалық қоғамдық кеңесі, қалалық жастар саясаты басқармасы және «Күй анасы» республикалық қоры ұйымдастырды.


Соңғы жаңалықтар