Елордада алғаш рет Күй жәрмеңкесі ұйымдастырылды
2022 жылғы 23 мамыр 15:02

Елордада алғаш рет Күй жәрмеңкесі ұйымдастырылды

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Елордада алғаш рет Күй жәрмеңкесі ұйымдастырылды. Мәдени-рухани іс-шара Дина Нұрпейісованың ескерткішіне гүл шоқтарын қоюмен басталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Алдымен «Алтын домбыра» балалар мектебінің шәкірттері мен қаладағы №37 мектеп-лицейдің оқушылары өнер көрсетті.

ҚР еңбек сіңірген қайраткерлері, кәсіби күйші-домбырашылар Тұрар Әліпбаев пен Анар Мұздаханова бірнеше күй тартып, көрермендердің қошеметіне бөленді.

Жиналғандар алдында «Күй анасы» республикалық қорының жетекшісі Төлеген Қуанышев пен Нұр-Сұлтан қаласы қоғамдық кеңесінің төрағасы Зульфухар Гаипов сөз сөйледі.

«Өткен жылы Ұлттық домбыра күні қарсаңында күй анасы атанған Дина Нұрпейісованың ескерткіші ашылып еді. Салтанатты жиында азаматтар «Осы жерді болашақта өнер орталығына айналдырып, туристік кластер ұйымдастырайық» деген пікірлерін білдірген. Біздер қала әкімі Алтай Көлгіновке ұсыныс жасап, соның нәтижесінде осы алаң болашақта қазақ халқының күйшілері мен күйші-композиторлар аллеясы атанатын болды. Халыққа, соның ішінде жастарға төл өнеріміз – күйді дәріптеу мен насихаттау мақсатында мәдени іс-шараларды ұсынған болатын. Міне, бүгін сол ұсынысты жүзеге асырудың сәті түсіп тұр», - деді Т.Қуанышев.

Бағдарламаға сәйкес Күй жәрмеңкесінде жұртшылық ішінен өз өнерін көрсетемін деген адамдар ортаға шақырылды.

ҚР еңбек сіңірген қайраткерлері, күйші, ұстаздар Айтжан Тоқтаған мен Орынбай Дүйсен қазылық жасады. Сайысқа оннан астам үміткер қатысты. Соның ішінде Наргиз Қасымова жеңімпаз атанып, үкілі домбыраға ие болды. Сондай-ақ «Күй анасы» республикалық қоры қалалық зияткерлік мектеп оқушыларына 10 домбыраны сыйға тартты.

Осы күні қоғам және өнер қайраткерлері ескерткіш маңына 15-ке жуық қарағай ағаштарын отырғызды.

Күй жәрмеңкесін Нұр-Сұлтан қалалық қоғамдық кеңесі, қалалық жастар саясаты басқармасы және «Күй анасы» республикалық қоры ұйымдастырды.


Ұқсас жаңалықтар
Астанада тамыз айынан өңірлердің ауылшаруашылық жәрмеңкелері өтеді
2022 жылғы 1 тамыз 08:10

Астанада тамыз айынан өңірлердің ауылшаруашылық жәрмеңкелері өтеді

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Нұр-Сұлтан қаласында тамыз айынан бастап өңірлердің ауылшаруашылық жәрмеңкелері өтеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Елорда әкімдігінің мәліметінше, осы күндері «Астана Арена» стадионының жанындағы көлік тұрағы аумағында жергілікті және өңірлік тауар өндірушілердің жәрмеңкесі демалыс күндері өткізіліп келеді. Ал жеке өңірлердің жәрмеңкесі тамыз айының басында басталады.

Өткен сенбі-жексенбіде аталған алаңда Нұр-Сұлтан, Қарағанды, Павлодар және Солтүстік Қазақстан облыстарының тауар өндірушілері, көтерме сатушылар өз өнімдерін ұсынды. Көкөністер, жемістер, ет және сүт өнімдері, балық және бал арзан бағамен сатылды. Аграршылардың айтуынша, олардың құны жеткізу мен жол шығындарын ескере отырып құралады.

«Біз әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерін нарық бағасынан 10-15% төмен бағамен сатамыз. Бұл қала тұрғындарына уақыт пен ақшаны үнемдеуге мүмкіндік береді. Ауа-райы жағдайы жәрмеңкеге баруға әсер етпейді. Негізінен, түскі уақытта халықтың көптеп жиналатынын байқауға болады», - деді сатушы Малджуда Самадова.



Jańalyqtar

Үрдіс

MURAǴAT