Елордада алғаш рет ҚР Төтенше жағдайлар министрінің кубогы үшін хоккейден турнир өтті

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - 2021 жылдың 23 қазанында Нұр-Сұлтан қаласындағы «Алау» мұз сарайында ҚР Төтенше жағдайлар министрінің кубогы үшін тұңғыш рет шайбалы хоккейден турнир өтті.

Іс-шара Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай ұйымдастырылған, деп хабарлайды ҚазАқпарат ҚР Төтенше жағдайлар министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Салтанатты ашылу рәсіміне Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильин, ТЖМ, Нұр-Сұлтан қаласының, Ақтөбе және Солтүстік Қазақстан облыстарының ТЖД басшылығы мен жеке құрамы, жарысқа қатысушылар мен қонақтар қатысты.

Кубок үшін турнирде Нұр-Сұлтан қаласы, Ақтөбе және Солтүстік Қазақстан облыстарының ТЖД, сондай-ақ ҚР ІІМ Солтүстік Қазақстан облысының Арнаулы күзет қызметі басқармасының командалары бақ сынасты.

Хоккей қолданыстағы ережелерге сәйкес айналмалы жүйе бойынша өтті, 15 минуттан 3 тайм, 3 минуттық үзіліс. Әр команданың құрамында 12 ойыншы бар.

Ойын барысын елордалық гарнизон құтқарушыларының кәсіби дайындық бөлімшесі, ҚР ТЖ министрлігі қызметкерлерінен құралған төрешілер алқасы бақылады.

Ойын қорытындысы бойынша бірінші орынды Солтүстік Қазақстан облысы ТЖД командасы иеленді. Екінші орын ҚР ІІМ Солтүстік Қазақстан облысының Арнаулы күзет қызметі басқармасының командасына берілді. Нұр-Сұлтан қаласы ТЖД командасы үшінші орынды және Ақтөбе қаласы ТЖД командасы төртінші орынды иеленді.

Командалар дипломдармен, медальдармен және естелік сыйлықтармен марапатталды. Турнир чемпиондарына ауыспалы кубок пен бірінші дәрежелі диплом табыс етілді.



Соңғы жаңалықтар