Елордада алдағы күндері қандай мәдени шаралар өтеді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Алдағы аптада елордада көптеген мәдени шаралар өтеді. Қала тұрғындары үшін оффлайн және онлайн режимде көрмелер, қойылымдар, концерттер ұсынылады, деп хабарлайды ҚазАқпарат қала әкімдігіне сілтеме жасап.

Елордада 23 ақпан күні сағат 17:00-де Мемлекеттік академиялық филармонияның ресми парақшаларында Instagram (astana_filarmoniya), Facebook (astana.filarmoniya) және YouTube (Нұр-Сұлтан қаласы филармониясы) үрмелі аспаптар оркестрінің «Өнер тынысы» онлайн-концерті өтеді. Күндіз осы уақытта халық әні бөлімінің әртістері композитор, әнші Манарбек Ержановтың 120 жылдығына арналған «Сайра, бұлбұл» концертін тікелей эфирде ұсынады. 26 ақпан күні сағат 17:00-де жоғарыда аталған аккаунттарда Жамбыл Жабаевтың 175 жылдығына арналған «Қорқыт» этно-ансамблінің «Жыры әлемді шарлаған» онлайн-концертін көруге болады.

Елордалық театрлар да сүйікті қойылымдарын қойып, жұртшылықты қуантпақ.

22 және 25 ақпанда сағат 12:00-де «Наз» мемлекеттік би театрының әртістері би қимылдары бойынша мастер-класс өткізеді.

27 ақпанда «Жастар театры» жас көрермендеріне С.Маршактың «12 ай» ертегісін ұсынбақ. Қойылым 12:00-де және 14:00-де көрсетіледі.

М.Горький атындағы Мемлекеттік академиялық орыс драма театры 26 ақпан күні сағат 11:00-де көрермендеріне М.Бартеневтің «Снегурушка» ертегісінің премьералық спектаклін ұсынады. Сол күні сағат 19:00-де А.Касонның «Жабайы. Үшінші сөз» мелодрамасын көруге болады.

Аталмыш театрдың YouTube арнасында 27 ақпан күні сағат 11:00-де «Алладиннің сиқырлы шамы» ертегісін, сағат 12:00-де Instagram-дағы парақшасында (Gorkytheatre) Жамбыл Жабаевтың туғанына 175 жыл толуына орай қаланың орталық кітапхана жүйесімен бірлескен іс-шара көрсетеді. Сол күні сағат 19:00-де театрдың кіші залында «Аралас сезім» мелодрамасы өтеді. 28 ақпанда сағат 18:00-де әртістер YouTube арқылы тікелей эфирде «Соңғы қатысушы» драмасын көрсетеді.

Елордалық қуыршақ театры 26 және 27 ақпанда көрермендерді «Мяу, Гав и Чик-чирик» мюзикліне шақырады.

«NOMAD City Hall» 27 және 28 ақпан күндері «Ауыл хикаялары» қойылымының тұсаукесерін ұсынады.

Бейбітшілік және келісім сарайында орналасқан «Құланшы» заманауи өнер орталығында 22-26 ақпан аралығында қазақстандық бейнелеу өнерінің «Мәңгілік туралы» көрмесін, сондай-ақ «Миллениалдар өнері» экспозициясын тамашалауға болады. 22-28 ақпан аралығында аталмыш орталық қала тұрғындары мен қонақтарын Нұр-Сұлтан қаласының жас фотографтарының жұмысы ұсынылатын «Новый взгляд» көркемсурет көрмесіне шақырады.

Сонымен қатар, Бейбітшілік және келісім сарайында «Туған жер» балалар мен жасөспірімдер студиясы жұмыс істейді. Мұнда апта бойы хореография, хор, актерлік шеберлік, сольфеджио, театр студиясы бойынша сабақтар өткізіледі.

Тәуелсіздік сарайында 23-28 ақпан аралығында қала тұрғындары мен қонақтары «Елорда бейнесі», «Нұр-Сұлтан қаласына сыйлықтар», «Uly Dala Juregi» сияқты көрмелерді тамашалай алады.

Бұдан басқа, жұмыс күндері Сәкен Сейфуллин музейінің әлеуметтік желілерінде С.Сейфуллиннің өмірі мен өліміне арналған онлайн-көрмелер, бейнеэкскурсиялар өткізілетін болады.

«Атамекен «Қазақстан картасы» этно-мемориалдық кешені 22-28 ақпан аралығында Instagram (@atamekenmap), Facebook (@atamekenmap.kz) парақшаларында Қазақстан өңірлерінің көрікті жерлері туралы танымдық ақпараттық посттар орналастыратын болады.

Қала кітапханаларына келушілер белгілі жазушылар мен ақындардың шығармашылығына арналған түрлі тақырыптағы көрмелерді тамашалай алады.

Айта кету керек, барлық іс-шара санитарлық нормалар мен карантиндік талаптарды сақтай отырып өткізіледі.


Соңғы жаңалықтар