Елордада алаяқ ер адам 8 әйелді алдап соқты

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Елордада 34 жастағы ер адам алаяқтықпен пайдаға кенелу мақсатында өзінен жасы үлкен әйелдермен танысып, сеніміне кіріп отырған. Әзірге зардап шеккен 8 әйел анықталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Нұр-Сұлтан қаласы Полиция департаментінің «Есіл» аудандық полиция басқармасының қызметкерлері бірқатар алаяқтық әрекетке барған 34 жастағы ер адамды ұстады.

Тергеу барысында күдікті әлеуметтік желі арқылы көбіне 40-50 жас аралығындағы әйелдермен танысып жүргені анықталды. Өзін «Алмас» не «Алмат» деп таныстырған ол банктің қауіпсіздік қызметінде, кейде мемлекеттік қызметте істейтінін айтқан. Әйелдердің сеніміне кіріп, оларға белгілі бір ақыға табысы жоғары жұмысқа орналастыру бойынша түрлі қызметтерін ұсынған. Алаяққа сеніп қалған келіншектің бірі тіпті, өз атына несие рәсімдеп, оған ұялы телефон сатып әперген. Тағы бір әйелдің тонын химиялық тазартуға тапсыру желеуімен иемденіп алған.

Қазіргі кезде тәртіп сақшылары алаяқтың әрекетіне зардап шеккен 8 әйелді анықтады. Жедел-іздеу шараларының барысында күдікті кінәсін толық мойындады. Қазіргі кезде ҚР Қылмыстық кодексінің «алаяқтық» бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды. Оның осыған ұқсас басқа да қылмыстарға қатыстылығы тексерілуде.

Нұр-Сұлтан қаласының Полиция департаменті азаматтарды қырағы болып, жете танымайтын адамдарға сенбеуге шақырады. Аталған ер адамның заңға қайшы әрекеттерінен зардап шеккендер болса, Полиция департаментінің мына нөмірлеріне хабарласа алады: 61-30-68, 71-64-90, 71-65-58. 8-775-601-11-00 немесе 102.


Соңғы жаңалықтар