Елордада ақын-жазушыларға арналған көрме-мұражай бұрышы ашылды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Нұр-Сұлтан қаласындағы Ұлттық музейде қазақтың көрнекті ақын-жазушылары мен олардың шығармашылығына арналған көрме-мұражай бұрышы ашылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Егемен ел атанғалы бері қазақ халқының рухани азығы, жан тынысы іспетті мәдениет пен руханият саласын дамытуға аса көңіл бөлініп келеді. Соның бірі өткен жылы пандемияға қарамастан Ұлы Абайдың 175 жылдық мерейтойы кең көлемде аталып өтілді. Шығармашылық мерейтойлар жалғасын тауып биыл жыр алыбы Жамбылдың 175 жылдығы және мұзбалақ ақын Мұқағали Мақатаевтың 90 жылдығы аталып өтіп жатыр. Мұқағали шығармашылғы қазақ руханиятының тозбайтын, мұқалмайтын, алтын қазынасы. Ғасыр ақыны онсызда жоғары қазақ поэзиясының деңгейін шырқау биікке көтеріп кетті. Ол туған жерге деген махаббатты қара өлеңнің құдыретімен бейнелей білді. Ақынды қазақ жырының еркіндігі, рухтың тазалығы деуге болады», - деді ҚР Ұлттық музейінің директоры Арыстанбек Мұхамедиұлы.

Көрме-мұражай бұрышы 2 бөлімнен тұрады.

Бірінші бөлімде ақын Мұқағали Мақатаевтың шығармашылығына арналған кітап түріндегі инсталляция қойылған. Және оған «Бір өлеңі бір елдің мұрасындай поэзия пайғамбары» деп жазылған.

Екінші бөлім «Рухты қалам қайраткерлері» деп аталады және ол қазақ әдебиеті қайраткерлерінің шығармашылығына арналған.

Ол жерде ақын Абай Құнанбаев, Сәбит Мұқанов, Әбдіжәміл Нұрпейісов, Әбіш Кекілбаев, Мырзатай Жолдасбеков, Шерхан Мұртаза, Хамит Ерғалиев, Тұрсынбек Кәкішев, Дүкенбай Досжан, Қадыр Мырза Әли, Нұрғожа Ораз, Қажымұқан Мұхамбетқалиев, Оралхан Бөкей, Ақұштап Бақтыгереева, Ханбибі Есенғарақызы және қазақ жазушыларының шығармалары орын алған.

Сонымен қатар, көрмеге аталған тұлғалар қолданған жеке және тұрмыстық заттар, қолжазбалары, фотосуреттер, құжаттар, кітаптар мен журналдар қойылған.

Одан бөлек, көпшілік қауымға қазақ әдебиеті қайраткерлеріне қатысты тарихи және деректі құжаттар, олардың қолтаңбалары мен шығармаларының алғашқы жарияланған нұсқалары ұсынылған.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, елімізге белгілі ақын, жазушылар елордада бас қосып, қазақ ақыны Мұқағали Мақатаевты еске алып, ақынмен кездескен сәті естеліктерімен бөлісті.

Айта кетсек, бүгін елордадағы Ұлттық музейде ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы мен қазақ поэзиясының классигі Мұқағали Мақатаеватың 90 жылдығына арналған «Поэзия алыбы – Мұқағали Мақатаев» атты дөңгелек үстел өтті.

Аталған жиынды ҚР Мәдениет және спорт министрлігі қолдап, ҚР Ұлттық академиялық кітапханасы, ҚР Ұлттық музейі және Нұр-Сұлтан қаласының Мәдениет басқармасының ұйымдастыруымен өтті.

Шараға елімізге белгілі ақын-жазушылар мен қоғам қайраткерлері қатысты.


Соңғы жаңалықтар