Елордада акушерлік стационардағы жүкті әйелдердің саны күрт артты – Зайтуна Хамидуллина

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Соңғы күндері елордада коронавирустың таралуы күрт артып, эпидемиологиялық жағдай ушығып кетті. Бұл туралы денсаулық сақтау министрлігімен қатар, қалалық денсаулық сақтау басқармасы да дабыл қағып жатыр. Осы орайда ҚазАқпарат тілшісі елордадағы эпиджағдай мен вакцинация процесіне қатысты Нұр-Сұлтан қаласы қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының штаттан тыс бас акушер-гинекологы, акушер-гинекологиялық кафедрасының меңгерушісі, жоғары санатты акушер-гинеколог Зайтуна Хамидуллинадан сұрап білген еді.

«Қала бойынша 3 акушерлік стационар бар. Жаңа жылға дейін онда 3-4 пациент болса, соңғы күндері эпиджағдай қиындап, акушерлік стационардағы жүкті әйелдердің саны 137-ге жетті. Дегенмен жүкті әйелдер арасында ауыр жағдайда түскендер жоқ. Вакцина салдыруға қатысты жүкті әйелдердің арасындағы басты проблема олар қорқады. Яғни іштегі балаға зиянын тигізе ма деп уайымдайды. Десекте біз ұсынған нұсқаулыққа сәйкес, жүктіліктен кейін 16 аптадан соң вакцина алуға болады», - деді Зайтуна Хамидуллина.

Оның айтуынша, елордада эпиджағдайдың ушығуына тұрғындардың карантин талаптарын бұзуы да себеп болып отыр.

«Көп адамдар індеттен сақтанудың қарапайым тәсілі масканың өзін тақпай жатады. Даладан келгенде міндетті түрде қолды жақсылап жуу керек. Одан қалды жаңа жыл кезінде аралас-құралас көбейіп кетті. Көпшіліктің қатысуымен өтетін шаралар да тыйылмай тұр. Ойын-сауық және сауда орталықтарында да адамның қарасы көп. Міне, осының бәрі коронавирустың одан әрі таралуына әкеліп отыр. Әрине, өз тарапымыздан тұрғындар арасында түсіндіру жұмысын өткізіп жатырмыз. Осы жағдайды пайдаланып қайталап айтамын, карантин талаптарын сақтаңыздар. Көпшілік жиналатын орындардан аулақ болыңыздар», - дейді ол.

Сондай-ақ, маман жалпы астаналықтарға оның ішінде жүкті әйелдерге вакцина алуға кеңес берді.

«Жүктілікке дейін, жүктілік кезінде және одан кейін де вакцина алуға болады және алу қажет. Сол сияқты екпе алуға жасы жеткен жасөспірімдер мен егде жастағы азаматтар да вакцина алғаны абзал. Әрине, екпе алмас бұрын дәрігердің қарауынан өткен жөн. Елордада 15 мемлекеттік емхана бар. Қазір онда тұрғындар вакцина алып жатыр. Әр емхана вакцина алуға қатысты ішкі жүргізіп, сол арқылы қала бойынша жағдай бақылауда. Коронавирусқа қарсы вакцина алуда тағы бір кедергі халық арасында тарап жатқан түрлі қауесеттер. Кейбір тұрғындар жалған ақпаратқа сеніп, екпеге күмәнмен қарап жатыр. Маманның кеңесіне сенбей, дақпырт сөздерге еретіні өкінішті. Біз отбасымызбен вакцинаны әлдеқашан салдырғанбыз. Сондықтан індетті жеңу жолында баршаға вакцина алуға кеңес беремін», - деді З. Хамидуллина.


Соңғы жаңалықтар