Елордада Ахмет Байтұрсынұлының мол мұрасына арналған ғылыми конференция өтіп жатыр

None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Нұр-Сұлтан қаласында Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдық мерейтойына орай ғылыми-практикалық халықаралық концеренция басталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Айтулы шараға ҚР Ғылым және жоғары білім министрі, ҚР Мәдениет және спорт министрі, ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі, ғалымдар, ұстаздар және студенттер қатысып жатыр.

«Бүгінгі ғылыми конференцияға АҚШ, Мажарстан, Түркия, Өзбекстан, Башқұртстан, Ресейден ғалымдар қатысып жатыр. Мақсат – Ахмет Байтұрсынұлының мұрасын жаңа Қазақстанда мемлекетшіл, идеологиялық, ғылыми интеллектуалдық, мәдени танымдық ізденісін, тәжірибесін, әлеуетін танымал ете түсу. Ахмет мұрасына қатысты жыл соңына дейін 12 томдық туынды жарық көретінін хабарлағым келеді. Байтұрсынұлының мерейтойы - ерліктің белесі, гуманитарлық ғылымның мәртебесі. Ахаңның бейнесі - кешегі, бүгінгі, болашақтағы Қазақстанның мәдени-интеллектуалды айнасы. Байтұрсынұлының мұрасы - елдіктің, әсіресе гуманитарлық ғылымның тұжырымдасы», - деді жиында Л. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ректоры Ерлан Сыдықов.

Оның айтуынша, Ахмет Байтұрсынұлы - тек ағартушы ғана емес, құрушы, жасампаз, көреген кісі болған.

«Ахаңның білім, ғылым, мәдениет саласындағы бастамаларының барлығы «тұңғыш» деген сөзден басталады. Ахмет Байтұрсынұлы және оның еңбектері - мемлекеттілікті жаңғыртудың құралы. Тағы бір жайт, Байтұрсынұлы Кеңес заманында, большевиктердің тұсында да «біздің өз жолымыз, өз мәдениетіміз бар» деп мәлімдеп кеткен. Ахмет Байтұрсынұлы - уақыт өткен сайын биіктей беретін ұлттың рухани ұстазы», - дейді ол.

Сондай-ақ, шара барысында Ерлан Сыдықовтың «Ахмет Байтурсынов – учитель нации» атты кітабының тұсауы кесілді.

Еске сала кетейік, б үгін Ахмет Байтұрсынұлының туғанына 150 жыл толды. Осыдан тура 150 жыл бұрын қазіргі Қостанай облысы Жангелді ауданы Ақкөл ауылында дүниеге келген алаш арысының бүгінгі мерейтойы ЮНЕСКО көлемінде тойланып, түйіні өзі туған өлкеде қойылуы керек болған еді.


Соңғы жаңалықтар