Елордада Әділет департаменті бастығының орынбасары сотталды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Елордада Әділет департаменті бастығының орынбасары 9 жылға сотталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«Нұр-Сұлтан қаласының Есіл аудандық сотының үкімімен елорданың Әділет департаменті бастығының орынбасары Р.Рамазанов 22 млн теңге көлемінде пара алу және «Астана қалалық жарық» ЖШС шотынан бұғаттауды алып тастау әрекеттері үшін кінәлі деп танылып, 9 жылға бас бостандығынан айырылды. Сот шешімімен оның сыбайластары - Әділет департаменті атқарушы өндірісті қамтамасыз ету басқармасының басшысы Е.Дәулетбаев пен Әділет департаментінің Алматы аумақтық бөлімінің басшысы - аға сот орындаушы Г.Манапова сәйкесінше 9 және 5 жылға бас бостандықтарынан айырылды», - делінген агенттіктің хабарламасында.

Сонымен қатар, ҚР Қылмыстық процессуалдық кодекстің 200-бабы аясында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы ұлттық бюро енгізген ұсыным негізінде және Әділет министрлігінің жауапты хатшысының бұйрығымен Әділет департаментінің басшысы М.Әбілов қызметінен босатылды.

Қалалық Әділет департаментінің шенеуніктері жемқорлық күдігімен қамауға алынғаны туралы бұған дейін хабарлаған болатынбыз. Бірнеше айдан кейін департамент басшысы қызметінен босатылды.

Соңғы жаңалықтар