Елордада «Адамдық борышың..» деген тақырыппен Шәкәрім мұраларын оқушылар арасында жатқа айтушылар байқауы өтеді

None
None
АСТАНА. Қарашаның 17-сі. ҚазАқпарат - Қарашаның 19-да ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі, Астана қалалық білім басқармасы және «Ынсап» қоғамдық қорының ұйымдастыруымен «Адамдық борышың..» деген тақырыппен Шәкәрім мұраларын оқушылар арасында жатқа айтушылар байқауы өтеді,

деп хабарлайды ҚазАқпарат ҚР Президенттік мәдениет орталығының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

 Адамзат тарихында өзіндік із қалдырған, қазақ халқының ғасырлардан бері жалғасқан руханиятының көшбасшысы Ш.Құдайбердіұлының шығармаларының негізгі арқауы адамгершілік, гуманистік, ағартушылық, имандылық жолына құрылған. Бүкіл жаратылысқа махаббат көзімен қарау, адамды сүю, ар жолынан айнымау, осылармен үйлесімділікте ғұмыр кешу - ақынның басты ұстанымдарының бірі. Кейінгі өскелең ұрпақ үшін - тәрбиенің кені.

 1858 жылы дүниеге келген Шәкәрім Құдайбердіұлы өзінің 73 жылдық ғұмырында артына сарқылмастай мол қазына қалдырды. Шәкәрім тұлғасына тек ақын, философ қырынан тоқталмай, қоғам қайраткері, жалпы адамзаттық проблемаларды көтерген ғүлама ретінде көзқарас қалыптастыру қажет. Ол өз заманындағы қоғамдық-саяси, ғылыми-ағартушылық сияқты қазақ өміріндегі, тіпті бүкіл адам баласына ортақ мәселелерге байланысты пікірін білдіріп, үн қосты. Алаш зиялыларымен, орыс ойшылдарымен жиі хат алысып тұрды.

 Аталған дәстүрлі шара елімізде осымен үшінші рет өткелі отыр. Бұған дейін Мәдениет және ақпарат министрлігінің тапсырысымен «Ынсап» қоғамдық қоры Алматы және Семей қалаларында жоғары деңгейде  ұйымдастырған болатын. Игі шараның жалғасы ретінде елордамызда өткізілетін кезекті байқау - өскелең ұрпақты отансүйгіштікке тәрбиелеу және балалар мұрасына деген жастардың құрметін арттыру мақсатында болмақ. 

Аталған шара Ш. Құдайбердіұлының болмысы мен еңбектерін жан-жақты зерттеуге тың серпін береді. 

Соңғы жаңалықтар