Елордада «Әбіш әлемі» атты шығармашылық байқау өтеді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Мәдениет және спорт министрлігі, ҚР Білім және ғылым министрлігі, Нұр-Сұлтан қаласының әкімдігі, ҚР Ұлттық академиялық кітапханасы және «Egemen Qazaqstan» газеті елордада қараша айының соңында Әбіш Кекілбайұлының 80 жасқа толу мерейтойына орай «Әбіш әлемі» атты оқу конгресін өткізбек, деп хабарлайды ҚазАқпарат ұйымдастыру комитетіне сілтеме жасап.

Конгресс аясында «Әбіш әлемі» шығармашылық конкурсы өтеді.

Шығармашылық конкурстың мақсаты: жазушының саналуан тақырыптағы шығармалары мен еңбектерін қайта оқып, зерделей түсу арқылы оның санқырлы талантына тағзым ету және оны әлем жұртшылығына таныту.

Конкурс мына аталымдар (номинациялар) бойынша жарияланады:

«Әбіш Кекілбаев – заңғар жазушы» (қаламгерлік қыр-сыры);

«Әбіш Кекілбаев – заманауи ойшыл» (философиялық көзқарасы);

«Әбіш Кекілбаев – сырлы суреткер» (шығармашылық шеберлігі);

«Әбіш Кекілбаев – айшықты ақын» (ақындық қолтаңбасы);

«Әбіш Кекілбаев – тағлымды тарихшы» (шежіреші-тарихшылдығы);

«Әбіш Кекілбаев – ғұлама ғалым» (ғылыми-зерттеушілігі);

«Әбіш Кекілбаев – сындарлы сыншы» (шыншыл-сыншылдығы);

«Әбіш Кекілбаев – сұңғыла саясаткер» (ішкі-сыртқы саясаттың білгірі);

«Әбіш Кекілбаев – қоғам қайраткері» (әлеуметтік-қоғамдық қызметі);

«Әбіш Кекілбаев – ұлағатты ұстаз» (ұстаз–шәкірт сабақтастығы);

«Әбіш Кекілбаев – кемеңгер көсемсөзші» (публицистік қызметі);

«Әбіш Кекілбаев – білікті білімпаз» (түпсіз терең білімдарлығы);

«Әбіш Кекілбаев – талантты тәржімашы» (телнұсқа туындыгер);

«Әбіш Кекілбаев – абыз, әулие» (болашақты болжампаздығы);

«Әбіш Кекілбаев – патриот өлкетанушы» (туған жер тарихы);

«Әбіш Кекілбаев – этнограф-ғалым» (тұрмыс-салт зерттеушісі);

«Әбіш Кекілбаев – өнер зерттеушісі» (әншілік, күйшілік өнер);

«Әбіш Кекілбаев – дархан мінезді дарын» (мінезі бай тұлға);

«Әбіш Кекілбаев – асыл азамат» (азаматтық-ұстанымдық қасиеттері);

«Әбіш Кекілбаев – үлгілі отбасы иесі» (отбасылық тәлім-тәрбиесі).

Конкурсқа қатысушылар аталған номинациялар бойынша байқауға бұрын еш жерде жарияланбаған шағын шығармаларын мына электронды пошта арқылы жолдау керек: е-mail: [email protected] (естелік, эссе, көсемсөз, әңгіме, арнау-өлең, жыр-толғау, рецензия, ғылыми талдау, сын-мақала, т.б. ) жолдай алады. Белгілі бір еңбектен үзінді келтірілген жағдайда оған сілтеме жасалуға тиісті.

Әрбір автор тек бір аталым (номинация) бойынша ғана байқауға қатыса алады.

Әрбір аталым бойынша қаржылай сыйлықтар және арнайы жүлделер тағайындалған.

Шығарманы 10 қарашаға дейін ғана тапсыруға болады. Сыйлықтар мен жүлделер Нұр-Сұлтан қаласында 30 қарашада тапсырылады.

Жеңімпаз авторлардың шығармалары баспадан жеке жинақ болып шығады.

Соңғы жаңалықтар