Елордада 540 млрд теңгенің 100-ден астам инвестициялық жобасы уақытша тоқтаған

None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Жыл басынан бері елордада құқық қорғау органдары 540 млрд теңге сомасындағы 100-ден астам инвестициялық жобаны тоқтатты. Бұл туралы Астана қаласы Кәсіпкерлер палатасының директоры Бейсен Жолболдиев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Астана қаласында инвестиция саласы бойынша сәтсіз іске асырылған жобалар болды. Жыл басынан бері құқық қорғау органдары жалпы құны 540 миллиард теңгені құрайтын 100-ден астам инвестициялық жобаны уақытша тоқтатты. Бұл жобалар «ASTANA» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы арқылы жүзеге асырылған», - деді Б. Жолболдиев қаладағы бизнес өкілдерінің Сенат депутаттарымен кездесуі кезінде.

Бұл іс бойынша жобаны іске асырушылар сотта жеңіп шыққан.

«Сот шешімі қазан айының соңында ғана күшіне енеді. Осы уақытқа дейін олар құрылысты бастай алмайды. Бұл өңірде қарқынды құрылыс кезеңі ұзақ емес екенін ескерсек, бұл жобаларды жүзеге асыру үшін едәуір уақыт жоғалтып алғанымызды атап өткім келеді» - деп түсіндірді Кәсіпкерлер палатасының директоры

«Қала аумағы кеңейіп келеді. Осы орайда жалпы құны 18 миллиард теңгені құрайтын тағы үш «Магнум» сауда орталығын салу жоспары болды. Бұл ретте бір мың жұмыс орнын ашу қарастырылған еді. Енді бұл жобалар келесі жылға ауыстырылып отыр. Атап айтқанда, бізде осындай деректер жиі кездеседі», - деді Бейсен Жолболдиев.


Соңғы жаңалықтар