Елордада 4 томдық «Қазақтың жалпы тарихы» кітабының тұсаукесері өтті

None
None
НҰР-СҰЛТАН.ҚазАқпарат – Елордада қытай тарихшысы Су Бэйхайдың «Қазақтың жалпы тарихы» атты 4 томдық еңбегінің қазақша басылымының тұсаукесері өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат ҚР Ұлттық академиялық кітапхананың Instagram парақшасына сілтеме жасап.


Тұсаукесер рәсімін Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің проректоры, филология ғылымдарының докторы, академик Дихан Қамзабекұлы басқарды.

Салтанатты рәсімге белгілі тарихшы, Қазақ Білім академиясының академигі Бүркітбай Аяған, этнограф-ғалым Ақеділ Тойшанұлы, белгілі түрколог, филология ғылымдарының докторы Қаржаубай Сартқожаұлы, түркітанушы ғалым Нәпіл Базылхан және басқа да зиялы қауым өкілдері қатысты.

Төрт томнан тұратын іргелі еңбектің авторы қытай тарихшысы Су Бэйхай, ал қазақ тіліне аударған Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің Шығыстану кафедрасының профессоры Тұрсынхан Зәкенұлы.


Зерттеу жұмысы қазақ халқының ерте заманнан XX ғасырдың алғашқы жартысына дейінгі тарихын төрт кезеңге бөліп қарастырған. Кітапта жазушы қазақ этногенезі мен мемлекеттілігінің негізін біздің дәуірімізге дейінгі Сақ, Үйсін заманынан бастап, Түргеш қағанатын Қазақ жерін ең алғаш біріктірген қағанат (мемлекет) ретінде қарастырады. Еңбекте қазақ тарихының хронологиялық шеңбері кеңейтіліп, мазмұны барынша байытылған.

Шараның шымылдығын ашқан Дихан Қамзабекұлы «Қазақтың жалпы тарихы» аударма еңбегінің тәуелсіздік жылдары қазақ тарихы зерттеу жұмысындағы ауыз толтырып айтарлықтай ірі еңбек екенін айтты.


«Президент Қасым-Жомарт Тоқаев осыдан 15 жыл бұрын еліміздің сыртқы істер министрі болып тұрған кезінде Тұрсынхан Зәкенұлына арнайы хат жазып, Су Бэйхайдың еңбегін қазақ оқырмандарына жеткізу туралы айтқан. Бүгінгі күні, осы еңбек ғылыми жобаның аясында оқырманға жол тартып отыр»-,деді Дихан Қамзабекұлы.

Айта ктетйік, «Қазақтың жалпы тарихы» қазақ тіліне аударылып басылып шыққаннан кейін, Президент Тоқаев Тұрсынхан Зәкенұлына құттықтау хатын жолдады.



Соңғы жаңалықтар