Елордада 300-ге жуық кәсіпкерлік нысан «ASHYQ» көшбасшысы атанды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Елордада 13 мыңнан астам кәсіпкерлік субъекті «ASHYQ» жобасына қатысуда, олардың 294-і оның көшбасшысы болып есептеледі. Бұл статус жұмыс уақытын, сондай-ақ келушілер санын арттыруға мүмкіндік береді, деп хабарлайды ҚазАқпарат қала әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.

Елордада «ASHYQ» жобасының көшбасшыларының тізімі бірнеше аптада жаңартылып отырады. Нұр-Сұлтан қаласы «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Қуанышбек Мұқаш кәсіпкерлерге осы статустың артықшылықтарын айтып берді.

«Нұр-Сұлтан қаласы бойынша қазір «ASHYQ» жобасына қатысатын 13 мыңнан астам кәсіпкерлік нысан бар. Қазіргі уақытта елордада осы жобаның 294 көшбасшысы анықталды. Көшбасшылар өзгелеріне қарағанда екі сағат артығырақ жұмыс істеуге құқылы. Ал мекеме қызметкерлерінің 90 пайызы екпе алған болса, олар келушілер санын көбейтуге құқылы. Мысалы мейрамханаларға келушілердің 50%-ын бір уақытта қабылдауға рұқсат етілсе, ASHYQ көшбасшылары бұл санды 70%-ға дейін арттыра алады. Мейрамханалар мен кафелер үшін бұл өте жақсы мотивация. Барлығы көшбасшы болғысы келеді. Бұрын 150 нысан жоба көшбасшысы болса, қазір олардың саны 300-ге жуық», - деді Қуанышбек Мұқаш.

Бүгінде елорданың кәсіпкерлік нысандарының көпшілігі «ASHYQ» жобасына қатыса отырып, QR-кодты сканерлеу арқылы өз қызметін жүзеге асырады. Осылайша көптеген мейрамханада келушілер саны артты. Бұл азаматтардың денсаулығының қауіпсіздігін қамтамасыз етеді және үй карантинін бұзушыларды анықтауға мүмкіндік береді.

«ASHYQ» жобасы бизнестің, әсіресе карантин кезінде зардап шеккен мейрамхананың жұмысына көп көмектеседі. Жақында біз «ASHYQ» көшбасшысы болдық, бұл біздің жұмыс уақытымызды көбейтті. Енді біз бұрынғыдай 00:00-ге дейін емес түнгі 2-ге дейін жұмыс істей аламыз, тиісінше келушілер саны 20%-ға артты. Келген жұрт QR кодты еш қиындықсыз сканерлейді, оның нәтижесінде азаматтардың көпшілігінің вакцинацияланғанын байқаймыз», - деп атап өтті «KOREAN HOUSE» мейрамханасының менеджері Роза Югай.

«Әсем» СО директоры Нұрлан Нұрмағанбетов «ASHYQ» жүйесінің артықшылықтарын атап өтті. Сауда орталығы жобаның көшбасшысы болып саналады.

«ASHYQ» жобасын біз пилоттық жоба ретінде 23 шілдеде іске қостық. Бүгінге дейін «қызыл» және «сары» статусы бар 15-ке жуық тұрғын сауда орталығына кірмек болды. Ал қазір «ASHYQ» көшбасшысы болып саналамыз. Екі апта ішінде 40 мың check in жүзеге асыруға мүмкіндігіміз бар. Қазіргі уақытта жүйені қолдануда ешқандай проблема туындамайды. Ғимаратқа келушілердің бәрі маска режимі мен қашықтықты сақтайды. Ал жоба көшбасшысы атанғандар үшін артықшылықтар қарастырылған. Сондықтан қаламыздағы барлық нысан жоба аясында көшбасшы болуға ұмтылуы тиіс деп есептеймін. Мысалы, елорда «қызыл» аймақта болса, біз көшбасшы ретінде «сары» аймақтың талаптарына сәйкес жұмыс істей аламыз. Ал «сары» аймақта болсақ, «жасыл» талаптарына сәйкес жұмыс істейміз. Бұл бізге жұмыс уақытын 2 сағатқа ұзартуға, келушілер қатарын 10%-ға толықтыруға мүмкіндік береді», - деді Нұрлан Нұрмағамбетов.


Соңғы жаңалықтар