Елордада 3 сәуірден бірінші сыныпқа құжат қабылдау басталады

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Бірінші сынып оқушыларының құжатын қабылдау 1 сәуірде басталып, 1 тамызға дейін жалғасады. Бұл тралы Астана қаласы Білім басқармасы басшысының орынбасары Маржангүл Қаирбаева мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«1 сәуірден бастап 1 тамызға дейін жалпы орта білім беретін мектептерде бірінші сыныпқа баратын балалардың құжаттары қабылдануы тиіс. Алайда биыл 1 сәуір сенбі күніне дәл келіп тұрғандықтан, құжаттар 3 сәуірден бастап қабылданады. Биылғы оқу жылында бірінші сыныпқа 26 мыңға жуық бала келеді деп есептеліп отыр», - деді М. Қаирбаева Астана қаласының коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында.

Оның айтуынша, білім беру ұйымдары мектеп маңында тұратын 6 жастағы балаларды бірінші сыныпқа қабылдауды қамтамасыз етеді. Дарынды оқушыларға арналған тиісті мектептерден басқалары бірінші сыныпқа баратын балаларды ешқандай емтихансыз қабылдайды. Әр мектепте ата-аналарға көмектесу мақсатында бірінші сыныпқа қабылдау бойынша комиссия құрылды.

«Ата-аналар құжаттарды «электронды үкімет» (www.egov.kz) веб-порталы арқылы немесе мектептерде қағаз түрінде де тапсыра алады», - деді басқарма өкілі.

Балаларды бірінші сыныпқа қабылдау үшін мына құжаттарды тапсыру керек: ата-ана өтініші, баланың туу туралы куәлігінің көшірмесі, денсаулық жағдайы туралы анықтама және 3х4 көлеміндегі 2 фотосурет.

«Білім беру ұйымы ата-анадан тізімде көрсетілмеген басқа құжаттарды талап ете алмайды», - деп нақтылады М. Қаирбаева.


Соңғы жаңалықтар