Елордада 3 мыңнан астам интернет алаяқтық қылмысы тіркеліп, 100 адам ұсталды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Елордада жыл басынан бері 3250 интернет алаяқтық қылмысы анықталып, ол бойынша 100 адам ұсталды. Олар барлық сомасы 150 млн теңгеге шығын келтірген. Бұл туралы Нұр-Сұлтан қаласы Полиция департаментінің киберқылмыспен күрес бөлімінің басшысы Талғат Бөлегенов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Жыл басынан бері Нұр-Сұлтан қаласы аумағында 3250 интернет алаяқтық қылмысы тіркелді. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 135 пайызға артық. Интернет алаяқтық әсіресе пандемия кезінде өршігені байқалады. Карантиндік шектеулерге байланысты көп адамдар интернет қызметтің көмегіне жүгіне бастады. Біздің департамент тарапынан интернет алаяқтықпен күресу жолында бірқатар шаралар іске асып жатыр. Соның бірі аталған қылмыс түрін зерттеу және ашу бойынша мамандандырылған жедел тергеу тобы құрылды. Нәтижесінде бүгінде елордада 100 интернет алаяқ ұсталып, қылмыстық жауапқа тартылды. Олар жалпы сомасы 150 млн теңгенің шығынын келтірді, оның 50 млн теңгесі зардап шегушілерге қайтарылды. Ұсталған 100 қылмыскердің 45-і бұған дейін интернет алаяқтық бойынша жауапқа тартылған болып шықты», - деді Талғат Бөлегенов елорданың Полиция департаментінде өткен баспасөз мәслихатында.

Спикердің сөзінше, елордада интернет алаяқтықпен айналысатындардың дені 20 мен 35 жас аралығындағы азаматтар.

«Интернет алаяқтықтың алдын алу мен күресуде мамандардың біліктілігін көтеру қарастырылған. Біздің қызметкерлер киберқылмыспен күресу бойынша арнайы оқу курсын өтіп отырады. Сонымен қатар, аталған қылмыспен күресте БАҚ арқылы да халықты сақ болуға шақырып жатырмыз. Одан бөлек, біздің департамент интернет алаяқтық туралы арнайы бейнероликтер әзірледі. Ол халық жиі шоғырланатын жерлерде көрсетілетін болады», - дейді ол.


Соңғы жаңалықтар