Елордада 250 халықаралық туристік оператор бас қосты

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстан астанасында Азия-Тынық мұхиты аймағының 60-тан астам елін қамтыған туристік сауда көрмесі өтіп жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. Осымен 42-рет ұйымдастырылған шараны ТМД елдерінің арасында Қазақстан бірінші болып қабылдап отыр.

«Қазақ Туризм» Ұлттық компаниясы іс-шараларды ұйымдастыру департаментінің директоры Даниэль Сержанұлының айтуынша, бұл көрме отандық туризмнің даму аясын кеңейте түспек.

«Бүгін «PATA Travel Mart 2019» көрмесінің бірінші күні. Шара аясында екі форум мен жастар симпозиумын өткізгелі отырмыз. Көрменің негізгі жұмысы ертең басталады. 1978 жылдан бері Азия мен Тынық мұхиты аймағының әртүрлі елінде өтіп келген көрмені ТМД-да Қазақстан бірінші болып қабылдауда. Шараға ҚР Мәдениет және спорт министрлігі мұрындық болып отыр. Төрт күннің ішінде көрменің өзінен басқа бірнеше симпозиум қоса өтеді. Шараға 60-тан астам елден 1 мыңға жуық делегат шақырылған. Арасында 52 мемлекеттен келетін 250 халықаралық туристік оператор өкілдері бар. Сондай-ақ 30-дан астам ел туристік өнімдерін жарнамалайтын болады. Азия-Тынық мұхиты аймағында екі миллиардтан астам халық тұрады. Қазір мұнда туризм өте жоғары қарқынмен дамып отыр. Еуропаның туризм нарығында шығу туризмі 6 пайыздық өсіммен дамып жатса, Азия-Тынық мұхиты аймағында бұл өсім 10 пайызға жетіп отыр. Сондықтан, бұл көрме Қазақстан атынан қатысатын 100-ге жуық отандық туристік оператор үшін таптырмас мүмкіндік болмақ», - дейді Даниэль Сержанұлы.



Соңғы жаңалықтар