Елордада 24 жыл ішінде ЖИТС-тен алпысқа жуық адам көз жұмған

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Әлемде ЖИТС-ты 32 млн-нан аса адам жұқтырып, оның 20 млн астамы көз жұмған. Бұл туралы Нұр-Сұлтан қаласының ЖИТС орталығы хабарлайды.

Жыл сайын мамыр айының үшінші жексенбісінде халықаралық ЖИТС-тен (СПИД) көз жұмғандарды еске алу күні атап өтілетіні белгілі. Биылғы жылы бұл дата 17 мамырға сәйкес келіп отыр.

Бұл күні ЖИТС-тен қайтыс болған туған-туыстарын, жақындарын, достарын және таныстарын еске алады. Аталмыш күн алғаш рет 1983 жылы аталып өтті. Сол кезде медицинаға белгісіз аурудан бірнеше мың адам қаза тауып, ұйымдастырушылар ЖИТС ауруына көңіл бөліп, науқастарға қолдау көрсеткен болатын. Аталмыш ауруды осы күнге дейін әлем бойынша 32 млн аса адам жұқтырып, 20 млн астамы көз жұмған. АИТВ-мен өмір сүретін адамдардың басым көпшілігі 30 жас аралығындағы жастар. Ал Нұр-Сұлтан қаласы бойынша соңғы 24 жыл ішінде АИТВ жұқпасымен 1824 науқас ресми тізімге алынған болса, оның 58 осы аурудың құрбаны болған, яғни көз жұмған.

Нұр-Cұлтан қаласының ЖИТС орталығы ЖИТС-тен көз жұмғандарды еске алу күні тағы да қоғам назарын АИТВ-инфекциясының таралуына аудару маңызды деп санайды.

Халықаралық еске алу күні - бұл АИТВ-инфекциясының одан әрі таралуына қарсы тұру дайындығы мен ниетін көрсетудің тағы бір мүмкіндігі; бұл нақты тәуекелді көрсету және оны қалай болдырмау керектігін түсіндіру мүмкіндігі. Осыған байланысты еске алу күнінің басты мақсаты ЖИТС-тен қайтыс болған адамдарды еске түсіру ғана емес, сондай-ақ халыққа АИТВ-инфекциясының алдын алудың маңыздылығы туралы еске салу, бүкіл жұртшылықтың назарын АИТВ-инфекциясымен өмір сүретін адамдардың құқықтарын сақтау және стигма мен кемсітушілікпен күрес мәселелеріне аудару болып табылады.

Бүкіл әлемде АИТВ-ның таралу тарихы ауыр күйзелістер мен шығындарға толы. Бірақ ғылым мен медицинаның заманауи жетістіктерінің арқасында бүгінде бізде ондаған мың адамның өмірін сақтап қалуға мүмкіндік бар. Қазіргі уақытта антиретровирусқа қарсы емдеу мен тұрақты медициналық бақылаудың арқасында АИТВ-инфекциясы ЖИТС сатысына ауыспауы мүмкін. Біздің практикалық тәжірибеміздің негізінде АИТВ-инфекциясын жұқтыру қаупін төмендету және дені сау балалардың туылуы үшін антиретровирустық терапияның жоғары тиімділігі туралы сенімді түрде айта аламыз, - дейді Нұр-Сұлтан қалалық ЖИТС орталығының директоры Сабит Абдраимов.

Осы тұрғыда жыл сайын қоғамның назарын аудару мақсатында түрлі ауқымды іс-шаралар өткізіліп келді. Ал биыл қазіргі COVID-19 пандемиясына байланысты БАҚ беттерінде және әлеуметтік желілер арқылы ұйымдастыру жоспарлануда. Яғни, мемлекеттік емес ұйымдардың қолдауымен әлеуметтік желілерде флешмобтар өткізіледі, түрлі сайттар да шағын мақалалар жарияланады.


Соңғы жаңалықтар