Елордада 2 бала Есіл өзеніне батып кетті

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Астаналық сүңгуірлер Есіл өзенінің түбінен кәмелет жасына толмаған 2 ер баланың денесін тапты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«29 мамыр күні сағат 12:50-де «112» пультіне Бейсекова көшесі бойындағы көпір маңында Есіл өзеніне 2 бала суға батып кетті деген хабар келіп түсті. Оқиға орнына жедел құтқару жасағы жетіп, алдымен жағдайды бақылап, іздеу жұмысына кірісті. Нәтижесінде сүңгуірлер өзен түбінен кәмелет жасына толмаған ер баланың денесін тапты. Бірер минуттан соң екінші баланың мүрдесі судан шығарылды», - деген ақпарат таратты қалалық төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметі.

Қазіргі уақытта полиция қызметкерлері суға кеткен балалардың жеке басын анықтап жатыр.

«Оқиға болған су жағасында төтенше жағдай қызметкерлері бұған дейін ақпараттық стенд пен шомылуға тыйым салынған белгі орнатқан еді. Себебі ол жер шомылуға қауіпті», - дейді ведомстводан.

Осыған орай Нұр-Сұлтан қаласы төтенше жағдайлар департаменті елордалықтарға ескерту жасады.

«Құрметті ата-аналар, балаларды қараусыз қалдырмаңыздар. Балаларға жазғы каникул кезінде қауіпсіздік шарасын сақтау керектігі туралы есіне салып отырыңыздар. Қазіргі уақытта елорда аумағында шомылуға рұқсат үш учаске бар. Олар - Орталық саябақ, «Три пескаря» және «Столичный двор» демалыс базасы», - делінген ТЖД ресми ақпаратында.


Соңғы жаңалықтар