Елордада 11 әуе рейсі тоқтатылды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық әуежайында ауа райының қолайсыздығына байланысты қазіргі уақытта 38 авиарейс кешіктіріліп, 11 рейс тоқтатылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Әуежай баспасөз қызметінің мәліметінше, әуе кемесінің басқа қалалардан кеш келуі және баратын әуежайдағы нашар метеожағдайлар себебінен ұшып келуі тиіс 22 рейс кешігіп жатыр. Олар: «Air Astana» әуе компаниясының 9 рейсі (оның ішінде Омбы, Тәшкент, Мәскеу және Киев қалаларынан халықаралық рейстері); «SCAT» әуе компаниясының 8 рейсі (Ұлан-Батыр, Мәскеу, Прага); «Qazaq Air» әуе акомпаниясының Алматы және Қостанай қалаларынан 2 рейсі; «Fly Arystan» әуе компаниясының Павлодар, Алматы және Қостанай қалаларынан 3 рейсі.

Әуе кемесінің басқа қалалардан кеш келуі және ұшып шығатын әуежайдағы ауа райының нашарлауы себебінен ұшып шығуы тиіс 16 рейс кешігуде (желдің екпіні секундына 20 метрге жетеді). Олар: «Air Astana» әуе компаниясының 6 рейсі (оның ішінде Тәшкент және Киев қалаларына халықаралық рейстер); «SCAT» әуе компаниясының 8 рейсі (оның ішінде Прага және Мәскеу қалаларына халықаралық рейстер); «Qazaq Air» және «Fly Arystan» әуе компанияларының 4 рейсі.

«Lufthansa» әуе компаниясы Франкфурт қаласына, «LOT Polish» әуе компаниясы Варшаваға, «Turkish Airlines» әуе компаниясы Ыстанбұлға ұшатын рейстері және «Qazaq Air», «Air Astana», «SCAT» әуе компанияларының 11 рейсі тоқтатылды.

«Желдің қатты екпіні ұшу қауіпсіздігі мақсатында әуе кемелерін мұздануға қарсы сұйықтықпен өңдеуге жол бермей тұр. Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық әуежайы штаттық режимде жұмыс істейді», - деп атап өтеді әуежайдан.

Бұған дейін қолайсыз метеожағдайға байланысты Нұрсұлтан Назарбаев атындағы Халықаралық әуежайда 32 әуе рейсі кешіктіріліп жатқанын хабарлаған едік.


Соңғы жаңалықтар