Елордада 10 нысан карантинге жабылған

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Елордада карантинге жабылған 23 нысанның 13-і ашылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бұл туралы елорданың Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Сәуле Қисықова айтып берді.

«Тұтас эпидемиялық кезеңде елордада 23 нысан карантинге жабылды. Бұл нысандарда эпидемияға қарсы барлық шектеу шаралары жүргізілді. Қазіргі уақытта карантин режимінде 10 нысан қалды», - деп атап өтті басқарма басшысы «Хабар 24» телеарнасындағы брифингте.

Оның айтуынша, аурудың 267 ошағында дезинфекциялық шаралар жүргізілген. Бұл - науқастар тұрған үйлер мен жұмыс орындары.

Нұр-Сұлтан қаласы бойынша жалпы 17 414 жағдайға зертханалық тексеру жұмыстары жүргізілді.

Бұған дейін басқарма басшысы Нұр-Сұлтанда коронавирус инфекциясынан қайтыс болған адам туралы айтып берген еді.

Қазіргі уақытта Елордада жұқтырғандар саны 264 адамға жетті. Соңғы екі күнде - 12-13 сәуір күндері 29 жағдай тіркелді.

9-13 сәуір аралығында Нұр-Сұлтан қаласында 4 766 адамға экспресс тестілеу жүргізіліп, 61 адам ауруханаға жатқызылған.

фото: ugra-news.ru
Соңғы жаңалықтар