Елорда жастары жобасы: Қолдау көрсетудің жаңа бағыты пысықталып жатыр

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Бұл туралы Нұр-Сұлтан қаласы Жастар саясаты басқармасының басшысы Дәулет Кәрібек мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қала әкімдігінде өткен баспасөз мәслихатында «Елорда жастары» бағдарламасы жайында сұрақ қойылды.

«Халық үніне құлақ асатын мемлекет» туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтқан болатын. Осының аясында елорда әкімі Алтай Көлгінов тамыз-қыркүйек айларында жастармен кездескен кезде тиісті ұсыныс түсті. Жастардың өзіндік ерекшеліктері, жыл сайын оқуға түсетін жастардың мәселесі айтылды. Бұл тұрғыда жастардың мәселесін толыққанды шешетін «Елорда жастары» атты бағдарлама қабылдау бойынша ұсыныс болды», - деп тоқталды Д. Кәрібек.

Оның айтуынша, тиісті ұсыныстар әлеуметтік желілер арқылы жинақталды. Осының нәтижесінде ұсыныстар бір бағытқа, бағдарламаға енгізілді.

«Біріншіден, жастардың ары қарай әлеуметтенуіне, өсуіне не қажет? Осы орайда сапалы білім керек. Екіншіден, оқуды бітірген соң, өсіп-жетілуіне мемлекеттік гранттар, спортпен айналысуына мүмкіндіктер жасалуы қажет. Бұл тұрғыда қаланың ішінде қажетті нысандар бар. Сондықтан қаланың шет жағында заманауи дене шынықтыру орталықтарын қарастыру ескерілген», - деп түсіндірді басқарма басшысы.

Сонымен қатар ол жұмыспен қамту, жастардың арасында кәсіпкерлікті насихаттау, оларға қолайлы жасау бағыттарына екпін қойылып отырғанын жеткізді.

«Отбасын қорғау», «Отбасы – бақыт мекені» секілді жобаларды іске асырудан басқа, сондай-ақ жастарға арналған сатып алу құқығынсыз жалға берілетін пәтерлерден бөлек, тағы да Тұрғынүйқұрылысбанкімен бірлесе «Елорда жастары» деген жеңілдетілген несие беру бағдарламасының жобасын қарастырып жатырмыз. Бұл жоба бойынша ұсыныстар болса, оны қоғамдық кеңеске ұсынамыз, содан кейін мәслихатқа шығарып, қаржылық жағын пысықтаймыз», - деді Дәулет Кәрібек.

Бұдан бұрын хабарланғандай, 2020 жылы елордада жұмысшы жастарға 350 пәтер беріледі.

1-6 желтоқсан аралығында «Жұмыс істейтін жастарға арналған сатып алу құқығынсыз жалға берілетін тұрғын үй» бағдарламасы бойынша құжат қабылданады.



Соңғы жаңалықтар