«Елорда жастары сыйлығына» құжат қабылдау басталады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – «Елорда жастары сыйлығы -2019» конкурсына құжаттар қабылдау қыркүйекте басталады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Биыл бұл конкурстың жеңімпаздары 16 аталым бойынша және екі арнайы сыйлықпен марапатталмақ. Байқау өтінімдері 1қыркүйек пен 15 қазан аралығында [email protected] электронды мекенжайы арқылы қабылданады.

«Бұл жоба барлық астаналық жастарға жақсы мүмкіндік деп ойлаймын. Себебі 18 түрлі бағыт болғандықтан, елорда жастары еңбек етіп жүрген барлық саланы қамтыды деп ойлаймыз. Биыл аталым саны былтырғыдан көп. «Ұлттық өнер» және «Үздік жастар тетары» деген екі аталым қостық. Бұдан бөлек «Үздік журналист», «Үздік спортшы,» «Үздік эстрада әншісі», «Үздік әлеуметтік сала қызметкері», «Үздік өндіріс қызметкері», «Жыл волонтеры», «Үздік кәсіпкер», «Үздік мемлекеттік қызметкер», «Үздік SMM-менеджер» сияқты номинациялар боынша да жүлде тағайындап отырмыз. Конкурсқа 14-29 жас аралығындағы елорданың кез келген тұрғыны қатыса алады. Үміткерлердің өтінімдерін арнайы комиссия қарап, әр аталым бойынша үздік үш адамды іріктейді. Олардың арасындағы үздікті қазылар алқасы мен халық бірге таңдайды. Биыл SMS арқылы дауыс беретін болады», - дейді жобаның бас ұйымдастырушысы Алпамыс Шарымов.

Дауыс беру 30 қараша күні аяқталып, нәтижесі 7 желтоқсан күні «Бейбітшілік және келісім» сарайында өтетін салтанатты шара кезінде жарияланады. Нұр-Сұлтан қаласының қоғамдық даму істері басқармасының жастармен жұмыс бөлімі басшысының міндетін атқарушы Ақұлан Тастемір конкурсқа қатысатын жастардың елорданың өміріне еңбегі сіңуі басты шарт екенін атады.

«Нұр-Сұлтанға оқуға келген өзге өңірдің жастары бұл конкурсқа қатыса ала ма деген сұрақ туындауы мүмкін. Конкурсқа өткізетін марапаттар мен жүлделердің құжатында, атқарған шаруалары туралы анықтамалық ақпараттарда Нұр-Сұлтан немесе Астана деген мекенжай болуы керек. Жарыстың жүлде қоры былтырғы қалпында қалды. Яғни, әр аталым бойынша бір ғана жеңімпаз болады. Оған 100 мың теңге және бағалы тастармен айшықталған мүсін табыстаймыз. Жеңімпаздар республикалық «Дарын» жастар сыйлығына автоматты түрде үміткер болып тіркеледі», - деді Ақұлан Тастемір.

Тамыз айының соңғы күндері осы конкурсқа арналған жеке сайт ашылмақ.

Соңғы жаңалықтар