Елорда жастары Президент Жолдауын талқылады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Елордалық Достық үйінде қала жастары ҚР Президнті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауын талқылады, - деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қазақстан халқы Ассамблеясының қалалық хатшылығы ұйымдастырған шараға қаладағы этномәдени бірлестік өкілдері мен жастар қатысты. Дебат түрінде өткен шарада жастар жұп-жұп болып «Жастар үшін жаңа мүмкіндіктер», «Шағын және орта бизнес», «Мемлекеттік тіл» тақырыптарында пікір таластырды.

Дебат барысында ойының жүйелілігімен көзге түскен «Жағыр жол» республикалық жастар қозғалысы төрағасының орынбасары Тимур Жұмырбаев Жолдауда шағын бизнесті қолдауға, туризмді дамытуға бағытталған нұсқаулардың маңызы ерекше деген пікір білдірді.

«Президент Жолдауында қазір қоғамда өзекті саналатын мәселелердің бәрі көрніс тапқан. Мемлекет басшысы қазақстандықтарды алаңдатып жүрген көптеген тақырыптарды қозғады. Соның ішінде жастарға қатысты жағымды сәттер көп», - деген қозғалыс өкілі туризмді дамытуға астаналық жастар қалай үлес қосу керектігін айтты.

«Әл-Фарабидің 1150 жылдығы, Абай Құнанбайұлының 175 жылдығы, Алтын Орданың 750 жылдығы елдегі оқиғалық туризмнің дамуына серпін береді деп ойлаймын. Бұл тұрғыда жастардың алдында үлкен міндеттер тұр. Қазақстан халқы Ассамблеясы да сырттан турист тартуға атсалыса алады деп ойлаймын», - деді Тимур Жұмырбаев.

Шараға қатысушылар 4 жұпқа жіктеліп пікір таластырған спикерлердің тұщымды ойларын тыңдап қана қоймай, арасында сауалдар қойып, дебаттың көрігін қыздырып отырды. Дебат соңында шара қонақтары да Жолдауға қатысты өз ойларын айтуға мүмкіндік алды.


Соңғы жаңалықтар