Елорда жанындағы Талапкер күзде орталықтандырылған ауыз сумен қамтамасыз етіледі

None
None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Целиноград ауданы Талапкер ауылында бірорталықтандырылған ауыз су мәселесі өткір болып қалуда. Бұл мәселенің өңірде қалай шешіліп жатқандығы туралы Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаев халықпен есептік кездесуде айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«2019 жылы біз құны 3 миллиард теңгеге жуық сумен жабдықтау бойынша жобаны бастадық. Екі жыл ішінде біз 1,7 миллиард теңгені игердік, қалған ақша биылға жоспарланған. Күзде кентті сапалы сумен қамтамасыз ету жоспарда бар», – деп Талапкер тұрғынның сауалына жауап берді Ермек Маржықпаев.

Осы ретте, аймақ басшысы ауылдағы халық саны мен тұрғын үйлердің жоғары қарқынмен көбеюіне байланысты инженерлік инфрақұрылымдарды дер кезінде тарту мүмкін болмай отырғандығын атап өтті.

«Егер 2011 жылы бұл ауылда екі мыңға жуық адам өмір сүрсе, бүгінгі таңда 20 мыңнан асып отыр. Сондықтан, біз бір жерде желілер бойынша үлгермейміз, бірақ бізде ауқымды жұмыс жүргізілуде», – деп толықтырды Ермек Маржықпаев.

Аймақ басшысы атап өткендей, қазіргі кезде, елорда маңындағы ауылдарда дамыту «Қала маңын дамыту», «Ауыл ел – бесігі» және «Жұмыспен қамтудың жол картасы» мемлекеттік бағдараламалары арқылы жүзеге асырылуда. Жалпы, 2015-2020 жылдар аралығында елорда маңындағы елді мекендерді дамытуға 56 миллиард теңге қаржы бөлініп, бюджеттік инвестициялар көлемі үш есеге ұлғайған.


Соңғы жаңалықтар