Елорда тұрғынынан 40 млн теңгенің синтетикалық есірткісі алынды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Елорда полицейлері «дизайнерлік» есірткіні саудалауда күдікті танылған ер адамды ұстады, деп хабарлайды ҚазАқпарат Нұр-Сұлтан қаласы полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Елорда аумағында синтетикалық есірткіні жеткізу арнасының жолын кесу мақсатында қалалық полиция департаментінің қызметкерлері жедел-іздеу шараларын өткізді.

Осылайша, полицейлер арнайы іс-шара барысында аса ірі көлемдегі «дизайнерлік» есірткіні саудалауда күдікті деп танылған 32 жастағы ер адамды ұстады.

Тексеру кезінде одан 800 грамға жуық «синтетика» табылды.

Ер адам қолдан жасалған есірткіні еліміздің Теміртау, Атырау және Павлодар сияқты басқа өңірлеріне жолдамақ болған.

Бұдан бөлек, оның тұратын жерінен ішінде салмағы 850 грамнан асатын қатты әсер ететін, құрамында «A-PVP» психотропты заты бар жеті түйіншек табылды.

Ол есірткінің салмағы - бір жарым келі немесе «синтетиканың» 5 мыңнан астам дозасы.

Олардың «қара базардағы» бағасы бөлшек саудада ақшалай санағанда 40 млн астам теңгені құрайтын еді.

Аталған факті бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 297-бабының 3-бөлімімен қылмыстық іс қозғалды.

Ұсталған ер адам Нұр-Сұлтан қаласы полиция департаментінің уақытша оқшаулағышына қамалды. Тергеу амалдары жүргізілуде.

Қылмыстық істі тергеу аясында елордаға есірткі жеткізуге қатысы бар қылмыстық топтың өзге қатысушыларын анықтау үшін жедел-іздестіру шаралары жүріп жатыр.


Соңғы жаңалықтар