Елорда тұрғынын тонаушы пышақтап кетті

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – 23-29 тамыз аралығында елорда аумағында «Құқықтық тәртіп» жедел алдын алу іс-шарасы өткізіліп, полицейлер күшейтілген режимде жұмыс істеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Нұр-Сұлтан қаласы полиция департаментінің хабарлауынша, рейдтік іс-шаралар кезінде елордалық полиция қызметкерлері жол қозғалысы ережелерін, өрескел заң бұзу фактілерін анықтап, жолын кескен.

«7 күндік шараның аясында ізін суытпай 135 қылмыс, бұрын жасалған 93 қылмыс ашылды, іздеуде жүрген 26 адам ұсталды. Полиция қызметкерлері қарақшылық шабуыл жасады деген күдікпен 45 жастағы қала тұрғынын ұстады», - деп жазылған департаменттің дерегінде.

Оқиға 25 тамыз күні сағат 03.36-да болған. Күдікті Жанарыс көшесіндегі бейтаныс үйге кіріп, иесін пышақтап, екі ұялы телефон мен ақшаны қолды қылған. Полиция қызметкерлері күдіктіні ұстады. Ол қылмыс жасағанын мойындаған, уақытша ұстау изоляторында отыр.

«Аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Жәбірленуші ауруханада, өміріне қауіп төніп тұрған жоқ. «Құқықтық тәртіп» жедел алдын алу іс-шарасы барысында заңсыз айналымнан 8 қару-жарақ алынды. 25 тамызда жедел-профилактикалық іс-шара барысында елорданың 26 жастағы тұрғынынан тінту кезінде тапанша тәркіленді. Аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалды. Ұсталған азамат уақытша ұстау изоляторына қамалды.

Бұдан басқа, операция барысында 8 мыңнан астам әкімшілік құқық бұзушылық анықталды. Оның ішінде 675 ұсақ бұзақылық фактісі, 1218 спирт ішімдіктерін ішу немесе қоғамдық орындарға масаң күйде келу фактісі, 2735 адам тіркеусіз немесе жеке басын куәландыратын құжаттарсыз тұру фактілері бойынша жауапқа тартылды», - дейді Нұр-Сұлтан қаласы полиция департаментінің жергілікті полиция қызметінің бастығы Арман Айтмағамбетов.

Департаменттің баспасөз қызметі таратқан мәлімет бойынша, шара өткен 7 күнінде 28 жүргізуші мас бола тұрып көлікті айдағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Сондай-ақ, есірткі заттарын сақтаудың 44 фактісін анықталған.


Соңғы жаңалықтар