16:57, 14 Қыркүйек 2019 | GMT +6
Елорда тұрғыны такси жүргізушісінен таяқ жеп қала жаздады
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Нұр-Сұлтанда полиция өкілдері такси жүргізушісі мен клиент арасындағы жанжалдың үстінен түсті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Жолда қабылдау» акциясына тартылған полиция қызметкерлері Mega Silk Way сауда орталығының маңында болған такси жүргізуші мен клиенттің арасындағы дау-дамайдың үстінен түсті. Жанжал кезінде 31 жастағы қала тұрғыны дене жарақатын алған. Оқиғаның мән-жайын анықтау үшін екеуі де полиция бөліміне жеткізілді. 52 жастағы такси тізгіншісіне қатысты әкімшілік іс қозғалады», - делінген Нұр-Сұлтан қаласы полиция департаментінің баспасөз қызметі таратқан ақпаратта. Елордада екінші күн қатарынан «Жол үтсіндегі қабылдау» акциясы өтіп жатыр. Алғашқы күннің өзінде аула аралап жүрген сақшыларға 912 адам жүгініп, түрлі сұрақтар қойған. Соның ішінде 128 адам әкімшілік айыппұл бойынша, 153 адам сақшылардың жол қозғалысын қамтамасыз етуі жөнінде, 130 адам айыппұл төлеу үшін, 100-ден астам адам жүргізуші куәлігін рәсімдеу немесе айырбастау бойынша жүгінген. Қала аулаларында өткен акцияны 400-ден астам тұрғын әлеуметтік желі арқылы тікелей бақылап отырған. Олардың ішінде онлайн-режимде жүгінушілер де бар. Азаматтарды неғұрлым көбірек қамту үшін 30-дан астам тұрғын үй кешенінде жедел топтар жұмыс істеп, өзін-өзі басқару комитеттерімен бірге қоғамдық қабылдау ұйымдастырды.