Елорда тұрғыны көлігін сатып, оны жаңа иесінен ұрлап кеткен

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Елорданың полиция қызметкерлері көліктерге қатысты ұрлықтың алдын алу мақсатында жедел іс-шаралар өткізіп жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Мәселен, полицияға «Kia Rio» маркалы көліктің иесі машинасының ұрланғаны туралы шағымданған. Зардап шегушінің айтуынша, түнде үйіне келгеннен кейін көлігін құлыптап аулада қалдырған. Ал таңертең көлігінің ұрланғанын білген.

«Қылмыс орнын тексеру барысында полиция қызметкерлері бейнебақылау камераларының көмегімен таңғы сағат 05:00 шамасында көлік есігін кілтпен ашып, айдап әкеткен күдіктіні анықтады. Шығын 2 млн теңгеден асып жығылады. Тергеу амалдары барысында көлікті айдап кеткен адам анықталды. Ол «Kia Rio» маркалы көліктің бұрынғы иесі болып шықты. Ол көлігін сату мәмілесін жасағаннан кейін екінші кілтті өзінде қалдырған және машинаның жаңа қожайынының мекенжайын есінде сақтап қалған», - делінген Нұр-Сұлтан қалалық Полиция департаменті таратқан ақпаратта.

Ведомство мәліметінше, күдікті көлікті айдап кеткеннен кейін оны жалға алынған тұраққа жасырып, өзі басқа өңірге кетіп қалған.

«Нұр-Сұлтан қалалық ПД Сарыарқа аудандық ПБ криминалдық полиция қызметкерлерінің тыңғылықты іздеу іс-шараларынан кейін күдікті Қостанай қаласында ұсталды. Көліктің бұрынғы иесі кінәсін мойындап отыр», - деді полициядан.


Соңғы жаңалықтар