Елорда тұрғыны қала ішінде адасып кеткен жабайы елікті құтқарды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Елорда тұрғыны жабайы елікті құтқарып алды. Бұл туралы Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің Орман шаруашылығы және жануарлар әлемі комитетінің баспасөз хатшысы Сәкен Ділдахмет Facebook парақшасында жазды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Оның жазуынша, Ақмола облыстық Орман шаруашылығы және жануарлар әлемі аумақтық инспекциясына iKomek 109 қызметінен қоңырау келіп түскен.

«Нұрлан есімді елорда тұрғыны мен оның әйелі Шанхай базары тұрған тасжолдың бойында адасып кеткен елікті көріп, ұстап алған. Қарлы боран кезінде елік адасып, жолға шығып кеткен. Осыдан кейін елік жақын маңдағы мал базарына жеткізілген. Олар бұл туралы 101 және 109 құтқару қызметіне хабарлады», - делінген хабарламада.

Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының мамандары дереу аталған орынға шығып, еліктің жағдайын тексеріп, оны «Жасыл аймақ» РМК Қызылжар орман шаруашылығына жіберген.

«Біз Нұрлан мен оның жұбайына, Нұр-Сұлтан қаласының құтқару қызметіне алғыс айтамыз. Достар, егер сіз жабайы жануарды көрсеңіз немесе ұстасаңыз, бізге немесе құтқару қызметтеріне хабарлаңыз. Табиғатты аялайық!» - деп жазған Сәкен Ділдахмет қала тұрғындарына үндеу тастады.

Соңғы жаңалықтар