Елорда тұрғыны эвакуатордың көмегімен автокөлікті ұрлап кеткен

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Елорда тұрғыны «тапқырлық» танытып, эвакуатордың көмегімен автокөлікті ұрлап, оны қосалқы бөлшектерге өткізіп жіберген, деп хабарлайды ҚазАқпарат қалалық ПД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Көлік иесінің айтуынша, оның «ВАЗ 2112» маркалы автокөлігі екі айдан астам уақыт бойы сынып тұрған. Тергеу барысында «Алматы» ауданы полиция басқармасының қызметкерлері ұрының кешкі уақытта эвакуатордың көмегімен көлікті алып кеткенін анықтады.

Жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу кезінде күдікті ұсталды. 31 жастағы ұрлықшы ұзақ уақыт бойы күзетілмеген тұрақтарда тұрған машиналарды әдейі іздейтін болған.

Ол мұндай көлікті тұрғын үйлердің бірінің ауласынан тапқан. Көліктің күзет дабылы болмаған, есіктері құлыпталмаған және жақын жерде бейнебақылау камералары да көрінбеген. «Тапқыр» қаскүнем эвакуатор шақырып, көлікті автокөліктерді бөлшектеумен айналысатын шеберханаға апарған. Сол жерде өзін көлік қожайынымын деп таныстырып, оны сатып жіберген. Аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалды.

Нұр-Сұлтан қаласының полиция департаменті елорда тұрғындары мен қонақтарына қырағы болуға, көлікті бейнебақылау камералармен жабдықталған автотұрақтарға қоюға, сондай-ақ есіктерін дұрыстап құлыптауға кеңес береді. Оған қоса автокөліктерде құнды заттарды қалдырмау керектігін де ескертеді.


Соңғы жаңалықтар