Елорда тұрғыны бір сауда үйінен 6 рет ұрлық жасаған

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Нұр-Сұлтан қаласының тәртіп сақшылары бір сауда үйінде 6 рет ұрлық жасаған ер адамды ұстады, деп хабарлайды ҚазАқпарат Полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Полиция департаментіне сауда үйлердің біріндегі бірнеше сатушыдан арыз түскен. Тәртіп сақшылары тауарлар мен жеке заттардың ұрлығына қатысты жедел іздестіру жұмыстарын жүргізіп, нәтижесінде 53 жастағы елорда тұрғынын ұстады.

«Тергеу барысында анықталғандай, күдікті араға бірнеше күн салып бір сауда үйінен 6 рет ұрлық жасаған. Ол сауда үйінде бутикке клиенттер кірген кезде сатушының соған қызмет көрсетіп жатқан сәтін пайдаланып, «HUAWEI» маркалы телефонын ұрлап кеткен. Алайда ұрлық фактісі бутиктегі бейнебақылау камерасына түсіп қалған. Ер адам оған дейін де ұрлық жасаған», - делінген хабарламада.

Күдікті осылайша ұялы телефон, төсек жапқышты, тағы басқа тауарды ұрлап үлгерген. Жартысын сатып жіберген. Сатушыларға 500 мың теңгеге жуық шығын келтірген.

Аталған іс бойынша Қылмыстық кодекстің 188-бабымен қылмыстық іс қозғалды. Күдікті қамауға алынды.


Соңғы жаңалықтар