Елорда тұрғыны алимент қарызын өтеу үшін балаларына үйін босатып берді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Елорда тұрғыны алимент берешегін өтеу үшін жер учаскесі бар, толық салынып бітпеген үйін өз еркімен балаларына берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Нұр-Сұлтан қалалық жеке сот орындаушылары өңірлік палатасының мәліметінше, үй Ақмола облысында орналасқан. Ал азамат Е-нің алимент бойынша берешегі - 888 270 теңгені, мүлікті бөлу бойынша қарызы - 3 391 070 теңгені құрайды.

Сот орындаушысы борышкерді мүлікті өз еркімен беруге көндірді. Ондай болмаған бағдайда үй аукцион арқылы сатылатын еді. Біраз ойланған борышкер үйін басқа біреуге сатқаннан гөрі балаларыма қалсын деген шешім шығарды.

Өндіріп алушы төлем қабілетсіз болуына байланысты сот орындаушысы өз қызметін келісімшарт негізінде көрсетті. Әйел мүмкіндігі болған кезде сот орындаушысының қызметіне төлем жасайды.

«Азамат Е-нің әрекеті алимент бойынша берешегі бар өзге азаматтарға да үлгі болар деп үміт артамыз. Олар өзге біреулерге емес, өз балаларына қарызын өтейді. Бұл жарқын үлгі екендігі сөзсіз және сот орындаушының да мінсіз жұмысы қуантады», - деді Нұр-Сұлтан қалалық жеке сот орындаушылары өңірлік палатасы басшысының орынбасары Мадина Жанасаева.

Айта кетерлігі, қазіргі уақытта елорданың сот орындаушыларының өндірісінде алиментке қатысты 14 342 іс бар.

Бұған дейін Нұр-Сұлтан қаласының сот орындаушылары балаларына алимент төлеуден жалтарып жүрген борышкердің Toyota Land Cruiser Prado көлігін алып қойғанын хабарлаған едік.

Ал Павлодар облысының жеке сот орындаушысы алимент бойынша қарызы үшін Екібастұз қаласы тұрғынының 4 бөлмелі пәтерін сатқан болатын.


Соңғы жаңалықтар