Елорда тұрғындары мен қонақтары карантиннен кейін қайда барып суға түсе алады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Елордада ревизия жүргізген комиссия тұрғындары шомылуға рұқсат етілетін үш орынды белгіледі. Карантин режимі тоқтатылғаннан кейін елорда тұрғындары мен қонақтары белгіленген орындарда ғана суға түсе алады. Бұл туралы Нұр-Сұлтан қаласының Төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметінен мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Бүгінгі таңда елордада комиссия тексеруінің қорытындысы бойынша халыққа арналған 23 шомылу орны белгіленді. Олардың әзірге үшеуіне суға шомылуға рұқсат етілген. Олар: Орталық жағажай, «Три пескаря» мен «Столичный двор» демалыс орны. Карантин режимі тоқтатылғаннан кейін елорда тұрғындары мен қонақтары көрсетілген осы орындарда ғана суға түсе алады. Қалған 20 орында қалалық мәслихаттың 2017 жылғы 12 желтоқсандағы шешімінің 8-тармағына сәйкес шомылуға тыйым салынады. Бүгінгі таңда алдын ала анықталған қаланың төрт ауданында, атап айтқанда Алматы-3, Байқоңыр-1, Есіл-3, Сарыарқа-3-те тегін коммуналдық жағажайларды ашу мәселесі пысықталуда», - деп хабарлайды ведомствоның баспасөз қызметінен.

9 мамырдан бастап қала аумағында әкімдікпен бірге 146 тыйым салу белгісі, 20 ақпараттық стенд, 20 қалқымалы субелгі орнатылған. 14 қайық пен сүңгуірлер тобы кезекшілікте жүр.

«Осылайша, Нұр-Сұлтан қалалық төтенше жағдайлар департаменті мен полиция департаментінің қызметкерлері, «Астана жастары», «Қызыл крест», «Жас Отан» еріктілері 842 адамның қатысуымен 271 рейд өткізген. Осы жұмыстардың арқасында суға түсу ережелерін бұзғаны үшін 80 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Қала мектептерінде 3250 оқушыны қамтыған 5 интерактивті сабақ өткізілді, 5690 үнпарақ мен брошюра таратылды», - деп атап өтті баспасөз қызметінен.

Нұр-Сұлтан қаласының Төтенше жағдайлар департаменті суға түсу уақытында ата-аналарға балаларын назардан тыс қалдырмау керектігін ескертеді.

Соңғы жаңалықтар