Елорда тұрғындары аула сыпырушыға алғыс айтты

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Елорда тұрғындары жұмысына адал аула сыпырушыға алғыс білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Елордадағы «Керемет» тұрғын үйінің тұрғындары аула сыпырушыға алғыс айтып, сыйлық берді.

«Осы үйде тұрғаныма ұзақ жыл болды. Аула сыпыратын атаның жұмысына адалдығы үй тұрғындарының көңілінен шығады. Бақыткелді ата ауланы ғана емес, тұрғын үйден тыс жолдардың да қарын күреп, жол салып қояды. Оның бұл еңбегін жерге қалдырмай, көршілермен бірігіп, сыйлық жасауға шешім қабылдадық. Сыйлықты туған күніне орай берейік деп едік, туған күніне бірнеше ай бар екен, сол себепті осы күні сыйлайық деп ұйғардық», - дейді «Керемет» тұрғын үйінің тұрғыны Артем Алдагаров.

Аула сыпырушы Бақыткелді Кеңесов осы үйдің ауласын тазалап жүргеніне бесінші жыл болғанын айтты.

«Жасым 68-де. Үш немеренің атасымын. Өзім де осы үйде тұрамын. Астанаға көшіп келгенге дейін Жезқазғандағы « Қазақмыста « жұмыс істегенмін. Өзім тазалықты, тиянақтылықты жақсы көремін, сол себепті қарды уақтылы тазалап, көршілеріме тас жолға шығатын жолды ашып қоямын. Қандай мамандық, қай салада жүргенің - маңызды емес. Маңыздысы - өз жұмысыңа адал болуың», - дейді Бақыткелді ата.




Соңғы жаңалықтар