Елорда полициясы жастардың карантин кезінде қалай демалып жүргенін көрсетті

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Елорданың санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау басқармасы, әкімдік қызметкерлері, еріктілер мен полицейлерден құрылған мониторинг топтары карантин режимін бұзу фактілерін анықтау бойынша рейд шараларын жалғастырып келеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат Нұр-Сұлтан қаласы Полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Қала тұрғындары бірқатар ескерту шаралары көрсетілген қолданыстағы Қаулы талаптарын елемей, әлі де көпшілік жиналатын көңіл көтеру орындарына барып жүр.

Тәулік ішінде мониторинг жүргізу тобы кәсіпкерліктің 74 нысанын тексеріп, карантин режимін бұзудың 28 фактісін анықтаған. Тәртіп бұзған 130-дан астам адам полиция бөліміне жеткізілді.

Осылайша, сағат 01.00-де мобильдік топ «Миллионер» мейрамханасында тәртіп бұзу фактісін анықтады. Мекеменің ішінде 50-ден астам адам жүрген. Жас адамдар онда тығыз араласып, көңіл көтеріп, маска тағу және әлеуметтік қашықтықты мүлдем сақтамаған.

Сондай-ақ сағат 00:32-де жұмыс кестесін сақтамай қызмет атқарған «Текила» барында тәртіп бұзу фактісі анықталды. Мекеме әкімшілігі санитарлық талаптарды сақтамай, 50-ден астам адамға қызмет көрсетті.

Бұдан басқа, сағат 02:55-те «Золото» мейрамханасынан тәртіп бұзу фактісі анықталды. Мұнда 70-тен астам адам көңіл көтеріп жүрді.

22 тамыз күнгі таңғы сағат 05:15-те мобильдік топ «Алания» караоке-барында карантин талаптарын бұзу фактісін тіркеген. Түні бойы жұмыс істеген мекемеде 50-ден астам адам жүрген.

Сондай-ақ, демалыс күндері қалада адамдардың көп санын жинаған екі үйлену тойы өткен. «Форте-фортуна» мейрамханасында тойға 85 адам, ал «Тартуга» дәмханасында 115 адам көңіл көтеріп жүрді.

Кейбір мекемелердің қызметі сот шешімен тоқтатылғанына қарамастан, иелері санитарлық дәрігердің Қаулысының талаптарын қайта бұзып келді.

Мекеме иелеріне қатысты жиналған материал ҚР Әкімшілік құқықбұзушылықтар туралы кодекстің 425-бабы бойынша әкімшілік жауапқа тарту үшін өкілетті органға жіберілді.

Нұр-Сұлтан қаласының полиция департаменті тәртіп бұзушылардың ағымдағы заңнамаға сәйкес жауапқа тартылатынын ескертеді.


Соңғы жаңалықтар