Елорда полициясы күшейтілген режимдегі жұмысқа көшпек

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Жаңа оқу жылының басталуына орай ертең елорда полициясы күшейтілген тәртіпте жұмыс істейді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бұл туралы Нұр-Сұлтан қаласы полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлады.

«Жаңа оқу жылының басталуы қарсаңында балалардың жол-көлік оқиғасы салдарынан жарақаттануының алдын алу, көшелер мен жолдарда балалардың қауіпсіз жүріс-тұрыс дағдыларын бекіту үшін астана аумағында «Назар аударыңыз – балалар!» шарасы өткізіледі. Жол қозғалысының кішкентай қатысушыларына көмек көрсету үшін мектептердің жанында және балалардың жиы жүретін орындарында оқу кезеңінде патрульдейтін полиция жасақтары қойылады. Полиция қызметкерлері бірінші сыныптар арасында оқу жылының басталуына арналған салтанатты жиындарға қатысады. Оқушыларға жол қозғалысы ережелері мен карантиндік шараларды сақтай отырып, оларды қолдану дағдыларын пысықтау бойынша теориялық және практикалық сабақтар өткізіледі», - дейді жергілікті полиция қызметінің бастығы Арман Айтмағамбетов.

Сондай-ақ, елордалық полиция қызметкерлері мүдделі қызметтермен бірлесіп 203 білім ошағына іргелес аумақта жол қозғалысын реттеуге қажет бағдаршам, жол белгілері сияқты құралдардың жұмысына талдау жүргізіпті.

«Желіге жауаптылардың атына кемшіліктер бойынша 152 ұйғарым берілді. 183 жаяу жүргіншілер өткелінде жол белгілері салынды. 87 жол белгілері орнатылып, ауыстырылды, 410 метр жаяу жүргінші жолдары салынды, 46 жасанды кедір-бұдырлық орнатылды. 169 метр жасанды жарық қалпына келтірілді. 34 мектеп автобусының техникалық жай-күйінің қауіпсіз пайдалану талаптарына сәйкестігі тұрғысынан тексеру жүргізілді. Жүргізушілеріне балаларды отырғызу және түсіру кезінде ережені сақтау туралы әңгіме жүргізілді. Жедел алдын алу іс-шарасы кезінде балаларды тасымалдау ережелерін бұзудың 215 фактісі тіркелді. Жыл басынан бері елорда аумағында жол-көлік оқиғаларының салдарынан 47 кәмелетке толмаған бала зардап шегіп, бір бала көз жұмды», - деп жазады департаменттің баспасөз қызметі.


Соңғы жаңалықтар