Елорда полицейлері рейд кезінде тәркілеген дәрі-дәрмек құны 17 млн теңгеге жуықтайды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Нұр-Сұлтан қаласының полицейлері медициналық препараттарды заңсыз сатуды анықтау бойынша жүргізілген рейд барысында дәрі-дәрмек, соның ішінде Қытайда шығарылған препараттарды сатушылар анықталды. Бұл туралы ҚазАқпарат елордалық Полиция департаментіне сілтеме жасап хабарлайды.

Қаланың Орынбор көшесінде «Фольксваген» көлігі тоқтатылып, оны тексеру кезінде ішінен Қытайда жасалған «Lianhua» капсулаларының 165 орамасы анықталған. Бұл препаратты Қазақстан Республикасының аумағында пайдалануға рұқсат құжаттар жоқ. Ұсталған жергілікті тұрғын препараттарды сайттардың бірінен сатып алып, оларды қалада қайта сатпақ болғанын айтты. Дәрілік заттардың қайдан шыққаны анықталу үстінде.

Екінші оқиғада Янушкевич көшесінде көпшілікке тапшы болған «Парацетамол», «Ингавирин», «Дексаметазон», «Цефтриаксон», «Лидокаин», «Эуфилин», «Сумамед», «Ципролет» сияқты дәрілік заттарды сатпақ болған қаланың 33 жастағы тұрғыны ұсталды.

Үшінші оқиғада полицейлер заңсыз айналымнан 6500 масканы тәркіледі. Рейдтер жүргізіле бастағаннан бері полиция департаментінің қызметкерлері медициналық препараттар мен қорғаныш құралдарын заңсыз сатудың 38 фактісін анықтады. Оның ішінде 455 орама дәрі-дәрмек, 239 600 маска, сондай-ақ дене қызуын өлшейтін құралдар, қорғаныш костюмдері, қолғаптар, медициналық бас киім, көзілдірік, антисептикалық құралдар және өзге де бұйымдар бар. Алынған медициналық препараттар мен қорғаныш киімдерінің жалпы сомасы 16 825 985 теңгені құраған.

Әрбір анықталған факті бойынша қолданыстағы заңнамаға сәйкес құқықтық бағалау беріледі. Егер сізге дәрілік заттарды сатудың фактілері белгілі болса, Нұр-Сұлтан қаласының полиция департаментіне мына телефондар бойынша хабарласуыңызды сұраймыз: 8 (7172) 71-62-91, 71-63-35, whatsapp 8-747-620-57- 93, немесе «102».


Соңғы жаңалықтар