Елорда полицейлері көлік ұрысын ұстады
2022 жылғы 25 қаңтар 21:45

Елорда полицейлері көлік ұрысын ұстады

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Елорда аумағында қоғамдық орындарда құқық бұзушылықтардың алдын алу және болдырмау мақсатында бір ай бойы «Құқық тәртібі» республикалық жедел-алдын алу шарасы жүргізілуде, деп хабарлайды ҚазАқпарат Нұр-Сұлтан қаласы полиция басқармасының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Осылайша, күндізгі сағат 12:10-да полицияға «Mersedes С-600» көлігінің иесі хабарласып, көлігінің айдап әкетілгенін хабарлады. Ер адамның айтуынша, ол көлігін оталдырып, кілтін ішінде қалдырып кеткен. Көліктің қасында өтіп бара жатқан қаскүнем ішінен кілт байқап, оған мініп кетті.

Ұрланған көлік ПД ЖБО бейнебақылау таспаларына түсіп қалған. Патрульдік полицейлер ұрыны ұстады. Ол қаланың 32 жастағы тұрғыны болып шықты. Ер адам өз әрекетін көлікке мінгісі келгенімен түсіндірді. Қазіргі кезде көлікті заңсыз иемдену фактісі бойынша сот алдындағы тергеу амалдары жүргізілуде.

«Құқық тәртібі» республикалық жедел-алдын алу шарасын өткізу барысында қала аумағында әкімшілік құқықбұзушылықтар анықталған. Олардың арасында ұсақ бұзақылық, қоғамдық орындарда алкогольдік ішімдіктер ішу немесе мас күйінде жүру фактілері анықталды. Елордада құжат пен тіркеусіз тұрып жүргендер, көші-қон заңнамасын бұзған шетел азаматтары ұсталды. Шамамен 15 мың жалдамалы пәтер мен 1407 саяжай үйі тексерілді.

Полиция департаменті азаматтарды қоғамдық тәртіпті бұзбауға, мәдениет пен өзара сыйластық сақтауға шақырады. Құқық тәртібін бұзу фактілері туралы полицияға хабарлауды сұрайды.



Jańalyqtar

MURAǴAT